Серікбай Қорабайұлы Жылқыбаев жастайынан еңбек-сүйгіштігінің арқасында шымыр болып өсті. Балалық шағы жері шүйгін, топырағы құнарлы, көк-жасыл таулы бұрынғы Нарынқол ауданы, Сүбе ауылында өтті. Ата-анасы бүкіл ауыл сыйлаған абыройлы әрі қарапайым адамдар болатын. Қатардағы колхозшының отбасы. Содан шығар, Серікбай бұғанасы бекімей жатып еңбекке ерте араласты. Кез келген ауыр жұмысты жапырып істейтін, сондай-ақ, өте зерек, мұғалімдерінің айтқанын бірден қағып алатын сұңғыла оқушы атанды. Оқушы кезінен есеп-қисапты жанындай жақсы көретін. Ол жастайынан физика-математика пәні мұғалімі болуды армандады. Сөйтіп, он жылдықты өте жақсы бітіріп, Абай атындағы (қазіргі университет) институттың физика-математика факультетіне оқуға түсті. Білікті де білімді ұстаз атанды. Кәмила Ыбрайым қызымен үйленді. Жаңадан отбасын құрған екі жас 1970 жылы Тараз қаласына аттанды. Тараз қаласындағы Абай атындағы орыс-қазақ орта мектебінде математика пәнінен сабақ беріп, ұстаздық жолын шыңдады. Алдыңғы қатардағы ұстаз атанды. Жамбыл облысының білім басқармасынан бірнеше рет мақтау қағаздар алды. Алматы облысындағы туған-туыстар «Елге қайт, мұнда да мұғалімдік табылады» деп қоймаған соң, қайтадан Алматы облысына келді.
Алматы облысы Шелек ауданының (қазіргі Еңбекшіқазақ ауданы) Ащысай ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы он жылдық мектеп оны қатардағы қарапайым мұғалім етіп қабылдады. Сол мектепте 25 жыл математикадан сабақ берді. Серікбай дайындаған оқушылар талай рет облыстық жарыстарда жеңімпаз атанды. Осы жылдар ішінде ұлағатты ұстаз атанып, аудандық, облыстық білім басқармасы тарапынан мақтау қағаздары мен түрлі марапаттарға ие болды. Аз ғана жылдың ішінде мектеп директорының оқу- тәрбие жөніндегі орынбасары болды. Отыз жыл ұстаздық еткенде одан неше мыңдаған шәкірттер білім алды. Бүгінге дейін шәкірттері шалғайдан телефон шалып, зейнеткер ұстаздарының хал-жайын біліп тұрады. Міне, ұстаз абыройы, мерейі деген осы.
Үш ұл, бір қыздан сегіз немере көріп, оның бірі Ерасылы биыл мектеп есігін ашты. Ауданға сыйлы, үлгілі әке Серікбай Қорабайұлының Кәмила апамызбен шаңырақ құрғанына да қырық жеті жыл болыпты. Қазір жасы жетпіске келсе де аттан түспей, 1995 жылдан Есік аймақтық селден қорғау мекемесінде еңбек етіп келеді. Жүрісі ширақ, денсаулығы мықты ағамыз, әлі де жастарға үлгі-өнеге көрсететініне кәміл сенеміз.

Шаяхмет Құсайынұлы,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одақтарының мүшесі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз