Сексенінші жылдардың соңына таман-ау деймін. Алматы облысының «Еңбекшіқазақ» ауданындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектепте мұғаліммін.
Бірде тығыз шаруа шығып қап, қалаға жол түсті. Жылы орнымнан суырып шығарған шаруаны жедел реттеп, қайтарда кітап дүкеніне соқтым. Кітап сөрелерін шолып қарап тұрғанымда «Қызыл көйлекті қыз» деген шағын форматты, сарғыш мұқабалы кітап назарыма ілікті. Кітапты алып, алғашқы бетін аштым. Автордың суреті басылыпты. Әйел адам екен. Кәмила Құдабаева. Есіме сап ете түсті. Бұдан бұрын «Лениншіл жастан» (қазіргі «Жас алаш») «Сурет сыры» деген көлемді әңгімесін оқығанмын…

Проза саласында қалам тартып жүрген әйел қаламгерлерді түгелдей дерлік шығармалары арқылы сырттай білемін. Олар саусақпен санарлықтай ғана. Себебі белгілі. Проза — әдебиеттегі күрделі жанр. Түнді таңға ұластыра отырып жазумен айналысуға әйелдердің жағдайы көтермейді, уақыт тапшы. Отбасы — шағын мемлекеттің ішкі қыруар істерін шебер үйлестіріп, бейнетіне төтеп берген, соған әбден көндіккен, көңілінің құштарына айналған жазу өнеріне де уақыт таба білетін қажырлы әйелдер ғана жанкешті еңбегінен нәтиже шығара алады. Демек, Кәмила да сондайлардың тобынан болды ғой.
«Қызыл көйлекті қызды» оқыдым. Студент-жастар өмірінен алынған хикаят мені баурады. Өзім ғана оқып қоя салғаным жоқ. Басқалардың да жаңа кітаппен танысуына мұрындық болдым. Қызыл көйлекті қыз да, бұдан кейін шыққан «Ең сұлу әйел» де өз оқырмандарын тапқан шығармалар болды десем артық айтқандығым емес. Демек, кітап оқырмандардың рухани баюына, сондай-ақ жақсылықтан үйреніп, жамандықтан жиренуіне қызмет етті…
Міне, сол Кәмила Құдабаевамен кездейсоқ кездесіп қалармын деген нәрсе ойым тұрмақ қаперімда жоқ болатын. Бір жолы «Көк базардың» түбіндегі тоғыз қабатты ғимараттың алдында Фариза ақынмен ұшырасып қалдым. Алдында біздің жаққа бір кездесуге барғанда танысып, әңгімелескенбіз. Әңгіме-хикаяттарым баспасөз беттерінде жарияланып тұратынын тілге тиек еттім. Осылайша қысқаша амандықтан соң ақын: «Сіз қала мен ауылдың арасында босқа жүрмеңіз. Туындыларыңызды «Жалын» баспасына апарыңыз. Кітап шығарыңыз. Ол баспаның директоры өз шығармаларында әйелдер туралы жазады. Әйел адамдарды түсінетін бір адам болса, сол — Бексұлтан Нұржекеев», — деді. Фариза сөзінің қамшы болғаны сондай, осыған дейін бір сәті түспей, кейінге шегеріліп, кірісуге тәуекелім жетпей келген қиын істі қолға алуға асықтыра түсті…
Сөйтіп қолжазбамды көтеріп, «Жалын» баспасына да жеттім-ау. Редактор-сарапшылар отыратын кабинетке енгенімде, алдындағы қағазға төне шұқшиған ер адамнан өзге жан көрінбеді. Оған амандасып, келген шаруамды айтып едім, ол: «Ана жақта Кәмила Құдабаева отыр», — деді алдыңғы жақты иегімен нұсқап салыңқы қабақпен. Бұнысы соған барыңыз дегені екенін ұқтым. Кәмиланың атын естігенде көктен іздегенім жерден табыла кеткендей қуанышқа кенелдім.
Кәмила мені жылы қабылдады. Таңырқаған да, тосырқаған да жоқ. Байқауымша, ол суреттегісінен де әдемі сияқты. Кішіпейіл. Қарапайым. Өзімді таныстырып, жөнімді айттым. «Жақсыда жаттық жоқ». Осымен таныстық-білістігіміз басталып жүре берді.
Кәмила Құдабаева Қазақ университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін, жолдамамен Қарағанды облысына жіберіледі. Табаны күректей 17 жыл Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Қаражал қалаларында тұрып, радио, теледидар саласында, газет редакцияларында үздіксіз еңбек етеді. Заң саласында сот, прокурор сияқты лауазымды қызмет атқарған күйеуі Тұрымжан Құдабаевтың қызмет бабымен, өз сөзімен айтқанда, бір жерден екінші жерге көшіп-қонып жүріп қызмет істейді. Жалындаған жастық шағы сүйікті журналистік мамандығын ақаусыз атқаруға жұмсалыпты. Редакция тапсырмасымен жаздың ыстық аптабын да, қыстың сақылдаған аязын да елемей, іссапармен алыстағы елді мекендерге сапар шегетіні ерік-жігерінің мықтылығын танытса керек. Мұндайда төрт-бес жастардағы ұлы мен қызын сенімді адамдарға табыстап кететін ол жұмыстарын бітіре сап, отбасына асығатын. Орталық Қазақстанның металлургтері, құрылысшылары мен малшылары, егіншілері, сондай-ақ ғалымдары мен өнер адамдарының ерен еңбектері туралы жазылған публицистикасы, очерктері мен мақалалары газеттерде жиі жарияланып тұрды.
Отбасымен Алматыға көшіп келген соң, Кәмила Құдабаева «Жалын» баспасының жастар прозасы редакциясына редактор ретінде қызметке тұрады. Өнімді еңбек еткен жазушы жоғарыда аталған «Қызыл көйлекті қыз», «Ең сұлу әйелден» кейін «Раушан гүлдер», «Ұйқысыз түндер», «Жалғыз хат» кітаптарын шығарды. «Жалын» баспасының сол кездегі директоры жазушы Қалдарбек Найманбаев (марқұм ) «Кәмила әдебиетке үлкен дайындықпен келді» деп, орынды айтқан. Шынында, он жеті жыл қарапайым еңбек адамдарының өмір-тіршілігін көзімен көріп, тағдыры ауыр жандардың талайына араша түсіп, өндірістік тәжірибеден өткендей шыңдалғаны рас еді. Жазушы шығармаларына нақты өмірден алынған деректерді пайдаланады.
«Ұйқысыз түндер» повесін жазу үшін үш жыл бойы еңбек демалысын алғанда, оны республикалық прокуратура архивінде отырып, қылмыстық істерді зерттеп-зерделеуге, заңгерлермен пікірлесуге арнады. «Қысқа интервью» повесін жазу үстінде, нашақорлармен күресіп жүрген полиция қызметкерлерінің жұмысын көрсету үшін Жамбыл облысының Шу өңіріне, қарасора қалың өсетін атышулы аймаққа барып, бәрін өз көзімен көреді…
«Жалын» баспасына Кәмилаға анда-санда келіп-кетіп тұрдым.
Бірде, түскі үзіліс кезі болатын, редактор-сарапшылардың әлдене жайлы сөз өрбітіп қызу пікірлесіп отырғандарының үстінен түстім. «Біздің Кәмкең ән шырқағанда кәсіпқой әншілеріңнен кем соқпайды», — деді Орекең. «Онда тыңдайық», — деп қалды тағы бірі. Кәмила бәлсінген жоқ. Әріптестерінің өтінішін орындауға ыңғайлана беріп еді, бұрышта сүйеулі тұрған домбыраны ұшып тұрып Орекең қолына ұстатты. Домбыраның құлақ күйін келтіріп алды да, бір әнді бастап кетті. Баяу басталып, бірте-бірте шырқау биікке көтеріле шарықтай қалықтаған мұңды сағыныш жайлы әнге елтіп бәріміз сілтідей тындық. Қоңыраудай сыңғырлаған таза үн неткен ғажап! Ән шырқаған сәтте оның ақшыл өңі жаңа ашылған раушан гүліндей жайнап кетеді екен… Ән аяқталғанда бәріміз риза қош көңілмен қол соқтық. Орекеңнің де зор дауысты шебер орындаушы екенін осы жолы білдім.
Қаламгер Кәмила аударма саласында да тер төкті. Алғашқы аударма кітаптары «Қиқар қызыл әтеш», «Рахмет саған, ұстазым» деген атпен жарық көрді. Бұдан кейін Кәмила Құрбанқызы орыстың талантты майдангер жазушысы Юрий Виноградовтың Валентин Пикульмен болған ұмытылмас кездесулері жайлы жазған «Тәтті каторгы» атты естелік-эссе кітабын аударады. Осы еңбегі үшін Мәскеуде К.Құдабаеваға Қазақстан — Ресей арасындағы достықты, шығармашылық байланыстарды жалғастырып, нығайтуға сіңірген еңбегі үшін Валентин Пикуль атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты деген атақ беріліп, Алтын жұлдызы қоса тапсырылды.
Кәмила орыс тілінде еркін жазады. Сондай-ақ, орыс тілінен қазақ, қазақ тілінен орыс тілдеріне аудара береді. Автор 2014 жылы жарық көрген жаңа кітабын «Вслед за дождем» деп атапты. Аталмыш туындысында өмірден көргендері, басынан кешкендері, кездесулерден алған әсерлері, ой-толғаныстары естелік әңгімелерінің өн бойына арқау боп өріліп жатыр…
Кәмила Құдабаеваны адам тәрбиесі мәселесі ерекше толғандыратыны байқалады. Өйтпегенде ше? Бір данышпан «Тәрбие — адам тағдырын шешетін ұлы күш» десе, енді бірі «Ең тамаша адам — жақсы тәрбиеленген адам» дейді .
Педагогика ғылымы қай заманда да ерекше маңызға ие. Өйткені ол — бала тәрбиелеу құралы. «Педагогика тек педагогтарға ғана емес, бала тәрбиелеп отырған барша ата-аналарға керек», — дейді Кәмила. Тарихтан белгілі болып отырғандай, кей әйел-аналар болмысынан дайын педагогтар болған, яғни педагогтық қабілетке ие.
Жастарға жар таңдауда, мамандық таңдауда қателеспеуді ескертеді даналар. Бұл екі таңдауда да Кәмиланың айы оңынан туған. Журналист мамандығын таңдағанына ол еш өкінбейді. Қиындығы басым шиеленістермен бетпе-бет келуіне тура келетін беймаза журналистік мамандығына түсіністікпен қараған Тұрымжандай (марқұм) жардың пешенесіне бұйырғанына дән риза. Ұлы Самат пен қызы Эльмираның барына шүкіршілік етеді. Немерелері Әлішер мен Айдананың амандығын тілейтін тілекші. Бірі Мәскеу университетін бітірсе, екіншісі Парижде білім алуда…
Жақсы жар, мейірімді ана, қаламгер Кәмила — осы үшеуінің тізгінін қатар ұстап келе жатқан, өмір өткелдерінде сүрінбеген сергек те сезімтал, ақылды да әдепті күш-қуат иесі.
Тұрсынхан Шәлдибекқызы,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз