Білікті саясаткерлер: «Егер біз қаласақ, шығыстағы көршіміз — Қытай елі Қазақстаннан азық-түліктің барлық түрін сатып алуға ниетті», — деседі. Шын мәнінде, аспан асты елінде билік басындағы тұлғалар ауыса салысымен Қазақстанда шығыстағы көршімізбен ынтымақтастығымызды күшейтудің тиімділігі туралы әңгімелерді қозғаушылар қарасы көбейіп, олардың дауыстары жарқын-жарқын шыға бастады.

Содан да болар, соңғы кездері мұндай әңгімелердің соңы нақты келісімдермен түйінделуде: бұл трендтің көрінісі, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында айқын бой көрсетіп жүр. Еліміздің аграрлық ведомствосының деректері бойынша, биылғы жылдың басынан бергі алғашқы 4 айда Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасындағы терең өңдеуден өткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,5 пайызға артып, 113,2 миллион долларды құрапты. Елімізде қытайлық жекеменшік инвесторлардың қаржысына тұрғызылған зауыттар мен фабрикалар ашылса, Ауыл шаруашылығы министрлігі осы бағыттарды есепке ала отырып, Қазақстанның 2017–2021 жылдарға арналған АШӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәл-пәл өзгертулер енгізуге дейін барды. Қазақстан-қытай аграрлық инвестициялық форумын ашу барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов: «Мен қытайлық қаржы институттары мен белгілі компаниялардың Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтарын шығаруды ұйымдастыруға, өнімдерді қайта өңдеуден өткізу жобаларын іске асыруға, құнарлы топырақта көкөністер өсіру өндірісіне қызығушылық танытып отырғанын атап өткім келеді. Біз оладың еліміздің агроөнеркәсіптік кешендері (АӨК) секторын индустриализациялауға қатысуға құлшыныс білдіруін қуана-қуана қарсы аламыз. Қазіргі таңда біздің республикада рапс майын, сүтті, ет пен томаттарды және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Бұдан басқа, біздің «Citic Group» компаниясымен ынтымақтастығымыз аясында астық пен бидай собығын қайта өңдеуден өткізу бойынша екі ірі жобаны іске асыруға байланысты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Олар Қытайға жіберілетін қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің тізімін едәуір кеңейтіп, экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деді.
Осы форум аясында қос елдің өкілдері онға тарта келісімдер мен меморандумдарға қол қойып үлгерді. Оның құны да аз емес, бақандай 160 миллион доллар. Аталған келісімдерде, негізінен, Қазақстаннан Қытайға қойылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің мерзімі мен көлемі, қытай кәсіпкерлері жаңа қайта өңдеу зауыттары құрылысына салатын инвестиция мөлшері туралы басымырақ сөз болды. Осы мәселеге қатысты отандық экономистер мен білікті сарапшылар да өз топшылаулары мен болжамдарын айтып жатыр. Солардың бірі, аш.ғ.к, экономист Таң Қасқаев: «Қытай — халқының саны көп әрі ауқымы кең нарық көзі болып табылады. Еліміз аграрлық секторда құрылымдық реформа жүргізіп, оны дамытуға мол қаражат тартып жатыр. Бұл Қазақстанға осы бағытта ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Құмырсқадай қаптаған халқы көп Қытай ең алдымен азық-түлікке зәру, турасын айтсақ, химикаттар араласпаған, еш қоспасыз, таза азық-түлікті ішіп-жегісі келеді. Сол себепті де олар қазақстандық АӨК-ке «ұзын» юань салуға пейіл білдіріп отыр. Біздің фермерлерге қытай инвестициясы, әлбетте, керек, дегенмен, адамдардың көкейлерінде әлі де болса аздаған күдік ұшқыны бар екенін жасырудың қажеті жоқ. Ол заңды да, өйткені, қос ел халқының менталитеті әр басқа. Осы жағынан кейбір сәттерде түсініспеушіліктер болуы да мүмкін, сосын мемлекеттік құрылымымыз да әртүрлі ғой. Бұған өзге тілдік кедергілер де бар дегендей. Осының бәрі жиналып келіп көңілге күдік ұялатуы әбден мүмкін. Дегенмен, егер қос тарап жұмысқа, ынтымақтастықты нығайтуға шынайы ниет білдірсе, барлық мәселелердің оңай шешілері күмәнсіз. Егер кәсіпкерлер бір-бірімен тіл табыса алмаса, атқарылған жұмыстардың бәрі зая кетері даусыз. Мұндай жағдайда, ең бастысы ынтымақтастықтың тиімді жағына басымырақ көңіл бөлу керек сияқты. Олардың қатарында ауқымды нарық, қытай инвесторларының қазақстандық кәсіпкерлермен ынтымақтастыққа ниетті екендігі сынды маңызды факторлар алдыңғы орында тұруы қажет. Себебі, аталған ел тарапынан орын алуы мүмкін гипотетикалық экспансиядан қауіптенбестен-ақ Қытай инвестициясын сарғайып күтушілер әлемде әлі де жетерлік. Бұдан басқа ҚХР-дың ресми тұлғаларының өз елінде Қазақстан жеріне сұқ көз қадаушылық, оны қандай жолмен болса да қарамағына алудан дәметушілік ниеті жоқ екендігін сан рет мәлімдегенін де естен шығармаған жөн секілді»,— дейді. Бұған жөн-ақ десек те, «Біздің елде салынатын агроөнеркәсіп саласына қатысты нысандар жеріміздің экологиясына зиянын тигізбей ме?»— деген сауалдың жауабы көңілді күпті қылып, бойды үргедек сезімге толтыратынын жасыра алмайтынымыз рас енді.
Сондай-ақ, аспан асты елінің үдесінен шығамыз, олардың жемсауын толтырамыз деп жүріп, өзіміз аш қалмасақ игі. Барымызды ақтарып беріп, ертең бет сипап қалмайық, ағайын!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз