Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаевты қабылдады. Кездесуде министр президентке жанар-жағармай нарығындағы қазіргі ахуал мен мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту барысы жөнінде мәлімдеді. Нұрсұлтан Назарбаев: «Энергетика министрлігі еліміздің отын-энергетика мәселелеріне, соның ішінде ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге жауапты. Елімізде оның тапшылығына байланысты орын алған ахуал Үкімет пен Энергетика министрлігі тарапынан немқұрайлылық пен жауапсыздыққа жол берілгенін көрсетіп отыр. Сіз биылғы мамыр айында мұнай өңдеу зауыттарына жөндеу жұмыстарын жүргізу кестесін бекіттіңіз. Күзде үш зауыттың екеуі жөндеу үшін тоқтатылатынын білдіңіз. Мұндай жағдай жыл сайын қайталанып келеді. Соны біле тұра, алдын-ала дайындалып, халықты қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде жанар-жағармай жеткізуге тиіс едіңіз. Олай болмады. Сондай-ақ, министрліктің жанар-жағармай нарығындағы ахуалды тұрақтандыруға бағытталған бұған дейінгі шараларының тиімділігі төмен болды. Сіз ұсынған жақсы бастамалар аз емес. Олар менің тарапымнан да, Үкімет тарапынан да қолдау тауып келеді. Жанармай тапшылығын болдырмау үшін бағаны мемлекеттік реттеуден бас тарту ұсынылды. Алайда, нарықта тағы да жанар-жағармай жетіспеушілігі орын алды. Осыған байланысты, Үкіметтің ұсынысы бойынша сізге сөгіс жарияладым. Бұл – қызметтен босатылғанмен бірдей», – деді. Қанат Бозымбаев президентке: «Павлодар мен Атырау мұнай өңдеу зауыттарын жетілдіріп, жаңғырту биыл аяқталады. Қараша айында Павлодардағы зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Атыраудағы мұнай өңдеу зауытындағы жұмыстарды осы жылдың 16 желтоқсанына дейін аяқтау көзделген. Мұнда мұнай өнімдерінің көлемін арттыруға және олардың сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін каталитикалық крекинг құрылғысы бірінші рет пайдаланылатын болады. Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында да жоғары октанды бензин шығаруға арналған каталитикалық крекинг құрылғысын салу жоспарланып отыр. Келесі жылы Қазақстан нарығы жоғары сапалы жанармаймен, соның ішінде авиациялық жанармаймен қамтамасыз етіледі»,— деп сендірді. Кездесу соңында президент нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін жауапкершілік министрге жүктелетінін тағы да ескертіп, оған жанармай тапшылығын болдырмау үшін барлық қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз