Шымкент қаласының басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен қоғамдық көлік проблемаларына қатысты өткен жиында өңір әкімі қоластындағы қызметкерлеріне қызметтік көлікті пайдалануға тыйым салды. Енді қымбат көлікпен жұмысқа қатынап үйренген шенеуніктер автобуста отырады. Олардың қатарында әкімнің өзі де бар. Мұны әкім: «Біз қозғалыс кестесі мен жол жүру ережесін сақтау, автобустардың лық толуын, жүргізушілер мен кондукторлардың дөрекілігін, салондардың тазалығы мәселесін бірнеше рет талқыладық. Әр талқылауда мені бұл мәселелер шешіледі деп сендірумен болды. Бірақ жағдай өзгерген жоқ, қалалық әкімдікке тұрғындардан қоғамдық көліктің жұмысына байланысты мыңдаған шағым түседі. Яғни, жағдайды бақылауда ұстап тұрған жоқпыз. Ендеше, басқаша әрекет ететін боламыз. Қызметтік көлікті пайдалануға бір ай мерзімге тыйым салынады. Өкім қала әкімі мен орынбасарларына, бөлім басшылары мен аудан әкімдеріне, олардың орынбасарларына, сондай-ақ, коммуналды мекемелер мен ұйымдардың жетекшілеріне қатысты. Барлық қызметтік көлік қалалық әкімдіктің көлік тұрағына қойылады. Ал қызметтік көліктің жүріп-тұруына кететін шығын енді әкімдіктің жалақысы аз және орташа қызметкерлеріне қосымша үстемақы ретінде үлестірілмек. Бір ай ішінде бүкіл шенеуніктер қоғамдық автобуспен қатынап қана қоймай, ондағы тәртіп бұзу фактілерін анықтап, ескертулер мен жолаушылардың шағымдары арнайы құрылған комиссияға тапсырылады. Жұмыс қорытындысы бойынша өз міндеттерін орындамаған тасымалдаушы компаниялармен келісімшартты тоқтату туралы шешім қабылданады. Сонымен қатар автобуспен қатынайтын мемлекеттік қызметкерлер апта сайын жиында мәселені талқылап отырады. Мен жолаушылар көлігі бөлімінің жетекшісі мен осы саланы бақылайтын орынбасарыма тәртіп орнату үшін 8 апта уақыт беремін. Осы уақыт ішінде қоғамдық көлік қозғалысы кестесінің сақталуы, автобустардың лық толуы, салондардың тазалығы мен жүргізуші-кондукторлардың мәдениеттілігі секілді мәселелер шешіліп, аялдамаларға ақпараттық бағыттауыштар орнатылу тиіс»,— деумен түсіндірді. Елдің барлық қалаларында осындай қатаң тәртіп орнатылса  ғой, шіркін!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз