Үкімет отырысында аталған сұраққа жауап берген ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев: «Ағымдағы жылдың 9 айында 75,3 млн тонна көмір өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2 пайызға артық. Ішкі нарыққа 54,7 млн тонна көмір бөлінді. Оның ішінде 41,1 млн тонна энергия өндіруші кәсіпорындарға жеткізілді. Осы кезеңде коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке және халыққа 1 млн тоннадан астам көмір жеткізілді. Бұл өткен жылғы деңгейден 26,8 пайызға артық. Жыл сайын жылу беру маусымы кезінде коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар мен халыққа 10-12 млн тоннаға жуық көмір бөлінеді. Бұл көмірдің бағасы көмір разрезінен шығару құнына байланысты. Қазіргі уақытта ол кен орнына, теміржол тарифі, тасымалдау, жылжымалы құрамның қызмет көрсетуі, халыққа көмірді жеткізетін делдал және сауда ұйымдары мен жеке тұлғалардың сұрайтын бағасына байланысты тоннасына 2-5 мың теңге шамасында. Көмір өндіретін кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеп жатыр. Бүгінде елімізде көмір тапшылығы жоқ. Қыркүйектің ортасында күннің күрт суытуына байланысты орталық, солтүстік облыстарда көмірге деген сұраныс артты. Қазіргі уақытта халыққа тиісті мөлшерде жеткізілуде. Әр облыста көмірдің бағасы кен орнының арақашықтығына және көмірдің сапасына байланысты болып отыр»,— деді. ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин: «Көмір нарығындағы бағаларға қатысты талдау жүргізілді. Ірі көмір өндіру компанияларының баға саясаты оны түрлі рейдерлер арқылы сатуға байланысты. Осының салдарынан көмірді сатудың, яғни кен орнына халыққа жеткізудің тікелей схемасы бұзылған. Бұл іске делдалдар араласып, ақыр соңында халыққа көмір жоғары бағамен жеткізіледі. Мысалы, Шұбаркөл көмірінің бағасы кен орнында 5 мың теңге болса, Астанада оның бағасы 11,5 теңгеден сатылып жатыр. Осыған орай біз еліміздің 13 өңірінде тексеру жұмыстарын бастадық. Көмір нарығындағы баға саясатына әсер ететін негізгі факторлар анықталды. Энергетика министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп кешенді ұсыныстар әзірлеп, көтерме және бөлшек сауда нысандарына өндірістік база, сақтау қоймалары, кірме жолдар және тағы да басқа жайттар бойынша талаптар бекіту керек. Бұл тиімсіз делдалдардың жолын кесуге мүмкіндік береді. Мұның барлығын жаңа жылға дейін тындырып, заңнамалық тұрғыда реттеу қажет», — деді. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев министрлік өкілдеріне аталған мәселені үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз