Үкiмет сағатында техникалық қайта жарақтандыру картасымен таныстырған ҚР Ауыл шаруашылығы министрi Асқар Мырзахметов: «Парктерге жүргiзiлген талдау тракторлардың 65 пайызының және комбайндардың 46 пайызының қолданылу мерзiмi 17 жылдан асып кеткенiн көрсетiп отыр. Бұл ретте, тракторлардың 20 пайызы жұмыс iстемейдi, ал 26 пайызы есептен шығаруға жатады. Комбайндар бойынша да осыған ұқсас жағдай қалыптасып отыр. Бұл шығынға әкелiп отыр. Қуатты комбайндар мен тракторлардың импортын алмастыруға бiздің әлi қауқарсыз екенiмiз түсiнiктi, бiрақ топырақ өңдейтiн және азық дайындайтын техника секiлдi «шағын механика» құралдарының импорты бойынша жағдайды өзгертуге күшiмiз жетедi. Ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiн техникалық жарақтау проблемасын шешу үшiн талдау жүргiзiлiп, фермерлердiң заманауи техникаға қолжетiмдiлiгiн ұлғайту, отандық ауыл шаруашылығы машиналарын дамыту бойынша қажеттi шаралар әзiрлендi. Атап өтсек, техника өндiрiсiне жеңiлдетiлген несие беру бағдарламасын енгiзу, техника сатып алуға арналған инвестициялық субсидиялау тетiгiн өзгерту, отандық зауыттарға жеңiлдiктер жасау қарастырылған. Атап өтсек, елiмiзде ауыл шаруашылығының басым бағыттарын дамытудың және АӨК-тi мемлекеттiк қолдауды жетiлдiрудiң 10 картасы әзiрлендi және тағы 3 карта әзiрленiп жатыр»,— деп мәлімдеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз