Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Сирия қақтығысын реттеу мәселесі бойынша Астанада өтіп жатқан келіссөздерге қатысқан делегациялар жетекшілерімен кездесті. Кездесуге Ресей Федерациясы делегациясының жетекшісі Александр Лаврентьев, Түркия Республикасы делегациясының жетекшісі Онал Седат, Иран Ислам Республикасы делегациясының жетекшісі Джабери Ансари және бақылаушы елдер – Америка Құрама Штаттары делегациясының жетекшісі Дэвид Саттерфилд пен Иордания Хашимиттік Корольдігі делегациясының жетекшісі Уасфи Тель, Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілі Стругар Милош қатысты. Сириядағы қақтығысты реттеудің маңыздылығына тоқталып, бүкіл әлемдік қоғамдастық бұл мәселенің шешілуіне зор мүдделілік танытып отырғанын атап өткен Мемлекет басшысы: «Сіздердің жұмыстарыңыз барша әлем назарында. Қаза болғандар мен босқынға айналғандардың өте көптігі бүкіл адамзатқа орасан нұқсан келтірді. Қазақстан Ресей мен Түркия Президенттерінің өтініші бойынша Астанада бас қосып, келіссөз жүргізуге жағдай жасады. Бүгінде сол келіссөздердің жетінші раунды өтіп жатыр. Барлық тараптар бұл үдерістің тиімді екенін айтуда. Астана процесі Женевадағы келіссөздердің тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Сіздер бірнеше өңірдегі әскери іс-әрекеттерді бәсеңдету мәселесін шештіңіздер. Бұдан арғы іс-қимыл тетіктері әзірленіп, гуманитарлық ахуал жақсарды. Оқ атуды тоқтату режімін сақтап қалудың маңызы зор»,— деді. Бұдан кейін Астана процесіне қатысушы елдер делегацияларының жетекшілері сөз сөйледі. Сириядағы жағдайды реттеуге арналған келіссөздердің аралық қорытындыларын талқылауға мүмкіндік жасалғаны үшін Қазақстан тарапына ризашылық білдіріп, қақтығысқа қатысты қазіргі жағдайға өз бағасын берген  Александр Лаврентьев: «Жұмыс басталғалы көп уақыт өтті. Оң нәтижелер бар. Деэскалация аймақтары елдегі жағдайдың тұрақтануына және саяси реттеу үдерісіне біртіндеп көшуге көп септігін тигізді. Астана процесі аясында ұрыс қимылдарын тоқтату режімін қатаң сақтауға тырысудамыз. Қақтығысты реттеудің жекелеген мәселелері бар, бұлардың одан әрі шешімін табу үшін саяси диалогты жолға қою қажет»,— десе, Түркия Республикасы делегациясының жетекшісі Онал Седат Астанадағы келіссөздердің ерекше маңыздылығына тоқталып, осы мәселені шешуге атсалысқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірді. Иран Ислам Республикасы делегациясының жетекшісі Джабери Ансари терроризммен күресті жалғастырып, өңірдегі шиеленісті бәсеңдету үшін шаралар қабылдау қажеттігіне баса назар аударды. Бақылаушы елдердің өкілдері Сирия қақтығысын бейбіт реттеу үдерісіндегі Қазақстанның және Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке рөлін атап өтіп, Астанада келіссөздер өткізуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты. БҰҰ-ның бас сарапшы-консультанты Стругар Милош еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі белсенді қызметі үшін алғыс айтып, Сирия мәселесі бойынша саяси шешім қабылдаудың маңызды екенін атап өтті. Соңында Қазақстан Президенті келіссөздерге қатысқандардың барлығына өңірде бейбітшілік орнатуға атсалысқандары үшін тағы да ризашылығын білдіріп: «Кез келген келіссөз, диалог – болашаққа бастайтын жол. Бәріміз бұл мәселенің бейбіт шешілгенін қалаймыз. Егер барлық елдердің күш-жігерін біріктіріп, ортақ коалиция жасамасақ, терроризмді жеңе алмаймыз. Біз келіссөздерді жалғастыру үшін барлық жағдайды жасауға күш салып отырмыз», – деді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз