Қанат Ислам. Кәсіпқой бокста бірінші орта салмақта WBO NABO және WBA Inter-Continental нұсқалары бойынша әлем чемпионы Қанат Исламның (25-0, 20 КО) келесі қарсыласы аргентиналық Брайн Кастаньо (14-0, 10 KO) болуы мүмкін. 28 жастағы Кастаньо WBA рейтингінде Қанат Исламнан бір саты жоғары орналасқанмен, басқа барлық рейтингте одан төмен тұр. Соңғы кездесуін ол 1 шілде күні Аргентинада өткізіп, төрешілердің шешімі бойынша франциялық Мишель Сороны (30-2-1, 20 KO) жеңді. Қазіргі уақытта бірінші орта салмақтағы суперчемпион атағы кубалық Эрисланди Лараға (24-2-2, 14 KO), ал WBA белбеуі америкалық Деметриус Андрадеге (24-0, 16 KO) тиесілі. Бірақ бұл екеуі де қазір басқа салмаққа ауысып жатыр. Қанат соңғы кездесуін 9 қыркүйек күні елордамыз Астана қаласында өткізіп, канадалық Брэндон Кукты (18-1, 11 КО) тоғызыншы раундта техникалық нокаутпен жеңген-ді. Осылайша отандасымыз WBO NABO және WBA Inter-Continental белбеулерін сақтап қалған. Ал, жерлесіміздің менеджері Берік Сұлтан инстаграмдағы парақшасында: «Біз Қанат Исламның соңғы он жылдағы ең мықты боксшылардың бірімен жекпе-жек өткізуін жоспарлап отырмыз. Ол — Филиппиннің әйгілі боксшысы — Мэнни Пакьяо. Пакьяоның командасы дайын болса, жекпе-жекке QAZAQ командасы дайын. 22-і наурыз күні Алматы қаласындағы «Almaty arena» спорт кешенінде бокс жанкүйерлері үшін үлкен шоу жасауға біз сақадай саймыз. Пакменнің командасы келіссе болды»,— деп жазып, елдің делебесін қоздырып қойды.

Батыр Жүкембаев.  Қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев (9-0, 8 КО) Монреалдағы (Канада) бокс кешінде кезекті жеңісіне қол жеткізді. Сегіз раундқа жоспарланған жекпе-жектің 64-і секундында ол мексикалық Хосе Эмилио Переаны (24-8, 15 КО) нокаутқа түсірді. Осылайша, Батыр кәсіпқой бокстағы оныншы жекпе-жегін өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Ал Переа тоғыз жекпе-жегінде ұтылды.

Бекман Сойлыбаев. Екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде WBC International белбеуін қорғаған қазақ боксшысы 22-і қазан күні Golden Boy Promotion ұйымдастырған Лас-Вегастағы кәсіпқой бокс кешінде мексикалық Фернандо Варгаспен қолғап түйістіріп, он раундқа созылған жекпе-жекте төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен кәсіпқой бокстағы 12-і жеңісіне қол жеткізді. Бекман осы жеңісінен кейін рейтингте бірден 49-ы орынға көтерілді.

Фируза Шарипова. Қазақстандық бұрымды кәсіпқой боксшы Фируза Шарипованың келесі кездесуі тағы да Астана қаласында өтуі мүмкін. Отандасымыздың қарсыласы бельгиялық бұрымды боксшы Джемила Гонтарюк (13-4-1) болуы ықтимал. Бұл кездесуде екінші жартылай жеңіл салмақтағы IBO белбеуі сарапқа салынуы керек. Мұндай мәлімет Вoxrec.com порталында да болды. Бірақ қазір мәліметтер өзгерген. Шарипованың келесі қарсыласы белгісіз болып тұр. Ал порталда жекпе-жек Астанада өтетіні жазылған. Еске салсақ, Фируза өзінің соңғы кездесуін елордамызда өткізіп, сонда Болгария боксшысы Милена Колеваны жеңген болатын. Осылайша, ол WIBA, WBU белбеулерін жеңіп алған болатын.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз