Мемлекеттiк қызметтер тақырыбы қозғалған Үкiмет сағатында Мәжiлiс депутаты Омархан Өксiкбаев: «Мемлекеттiк қызмет көрсету саласында жұмыстардың атқарылып жатқанын көрiп отырмыз. Осылай болуы да керек едi. Өйткенi, бұл салаға Елбасымыздан бастап жоғары көңiл бөлiндi. Дегенмен, сол Халыққа қызмет көрсету орталықтарына қашан барсаң да адам толып отырады. Қазiр халық қағаз соңында жүр. Әсiресе, ауыл тұрғындары бiр құжат алу үшiн 100-200 шақырым жол жүрiп, шығындалуға мәжбүр. Әрине, өмiрде керектi қызметтер көп, бiрақ халықтың сол жерде қаптап отыратыны сұрақ тудырады. Менiң ойымша, сұрақ таязда жатыр. Бұл мемлекеттiк қызметтiң молшылығынан орын алып отыр. Барлығы 746 қызмет. Елбасымыз оларды мүмкiндiгiнше азайтып, бәсекелестiк ортаға беру керек деп айтқан болатын»,— деп, Ұлттық экономика министрiлiгiнен осы салада қандай жұмыс атқарылып жатқанын сұрады. Ұлттық экономика вице-министрi Айбатыр Жұмағұлов: «Елiмiзде мемлекеттiк қызметтер саны көп емес дейдi. Бүгiн бiзде барлығы 746 мемлекеттiк қызмет бар. Бiрақ, бiз керiсiнше тiзiлiмдегi мемлекеттiк қызметтер санын арттыруды көздеп отырмыз. Басқа шет елдермен салыстырсақ, кейбiр мемлекеттерде тiзiлiмдегi қызмет саны 2 мыңға жуықтайды»,— деп, мемлекеттiк қызмет сапасына тұрақты түрде мониторинг жасалатынын айтты. Бұған дейiн Мәжiлiс депутаты Владимир Божко елiмiзде мемлекеттiк қызмет саны 5 есеге артқанын мәлiмдеген болатын.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз