Абай атындағы ҚазҰПУ Жаратылыстану және география институтының Елтану және туризм кафедрасында доцент, география ғылымдарының кандидаты Қастер Сарқытқанның ұйымдастыруымен »Урбанизациялау — ұлттық экономиканың қозғаушы күші» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.
Оның басты мақсаты — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы »Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көтерілген бастамаларға үн қосу және оны ғылыми ортада теориялық және практикалық тұрғыда дәйектеу болатын.
Дөңгелек үстел доцент Қастер Сарқытқанның 2 курс магистранттарына оқитын «Қалалар географиясы» пәнінің негізінде өткізілді.
Аталмыш шараға География мамандығы бойынша 2 курс магистранттары мен Елтану және туризм кафедрасының ұстаздары Дариға Жангелдина, Талғат Ошанұлы, Гүлмира Ертісқызы, Гаухар Абдикаримова, Дина Мелісқызы және басқа да жас оқытушылар мен қонақтар қатысты.
Дөңгелек үстелде:
– «Урбанизациялау ұлттық экономиканың дамуына ықпал ету механизмі», «Қалалар ауруы» саналатын урбанизациялаудың әлемдік деңгейдегі теріс әсерлерін қалай бағалауға болады?» тақырыптары бойынша мәселелер талқыланды.
– «Қазақстандық урбанизациялау үрдісі оның қайсы түріне жатады және еліміздегі бұл мәселенің дамуы мен болашағы қалай?» деген мәселелер бойынша талқылау болып өтті.
Сонымен қатар дөңгелек үстелде Қастер Сарқытқанның ғылыми тақырыптары бойынша әріптесі Мажар ғалымы, мәдениет және туризм саласының маманы Андрас Тросани мырзаның «Қалалар жаңғыруындағы мәдени экономика мен туризмнің рөлі» тақырыбындағы еңбегі бойынша көптеген пікірлер айтылды.
Мырзахан Ахметов,
Абай атындағы ҚазҰПУ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз