Асхат Базарханұлы, «Жас отау» қоғамдық қорының төрағасы:
«ҮКІМЕТТЕН ЖЕР ТЕЛІМІ БЕРІЛСЕ, БАСПАНА ПРОБЛЕМАСЫ ТЕЗ ШЕШІЛЕР ЕДІ»

— Асхат мырза, игілікті іске мұрындық болып жатыр екенсіз. Жастарды баспанамен қамтамасыз ету үшін тез салынатын үйлер жайлы әңгімеңіз ұнады. Оқырмандар да біле жүрсін, осы мәселені тарқата айтасаңыз.
— Бізге ең басты мәселе жер берілсе болды. Егер бұл тілегіміз орындалса, үкімет тарапынан бізге, халыққа көрсетілген үлкен көмек болар еді. Біз көтеріп отырған бастаманың экономикалық негізі бар. Қолжетімді үй салудың әртүрлі дүниежүзілік технологияларын менің зерттеп жүргеніме 10 жыл болды. Қасымдағы серігім Айдын екеуміздің мамандығымыз мұғалім. Алайда құрылыс саласынан құралақан емеспіз. Менің мамандығым физика- математика саласы. Сондықтан санға, есепке жүйрік адаммын дей аламын.
Иә, бұл үйлер не үшін керек? Жастарға есін жиғанша, тәй-тәй басып кеткендерінше қажет. Кейін қаржы жиып жатса, қаладан басқа пәтер ала ма, ол енді өз жұмыстары. Бұлар — стартап үйлер.
Үш қабат отбасы жатақханасы бола ма, әлде кішігірім модельный үй бола ма, келешекте түрлі жобаларымыз бар. Мысалы, 10 сотық жерге 7-8 үй салып бере аламыз. Бұл Ата Заңымыздағы жер заңында бар. Бір жерге бірлесіп иелік жасау деп аталады.
— Біздің климат сіздерге мәлім. Оңтүстік пен солтүстікте түрлі ауа райы. Қай елдің технологиясы бізге жақын?
— Біздің жазы ыстық, қысы суық өңірімізге финдіктердің технологиясы негізіндегі термос үйлер қолайлы. Ол үшін сырттан жазғы ыстықты кіргізбейтін, қыста іштегі қызыл имфрасәулелерді сыртқа шығармайтын айна саламыз. Отражатель дейді оны. Сосын жай үйлерге қарағанда энергияны 50 пайыз үнемдейді. Канадтық, америкалық технологиялар келмейді біздің жерлерге. Олардың климаттары бізге қарағанда жылырақ.
Үй салған кезде оның қорабын, қаңқасын тұрғызғанда, тек қана іргетасын салуға 30 пайыз ақша жұмсалады. Ал мынау финдік технологиямен оны мүлде құймауға да болады. Бұл технология бойынша түбін ғана бетондап, соның үстіне де тұрғыза салуға да мүмкіндік бар. Біз алып отырған бұл технологияның пайдалы жерлері өте көп. Ең басты пайдасы Алматы, Тараз, Шымкент секілді елді мекендерге, жер сілкінісі болады деген аймақтарға 9 балдық күшке төзімділігі анықталды. Қазір жапондықтар тығыздығы жоғары пенопластан үй салып жатыр. Бізге жер берсе болды, пенопластан, ағаш каркас панелден де салып береміз. Тек бізге үкімет мүмкіндік берсе жетеді.
— Бір істі қолға алған адам алдына мақсат қояды емес пе? Сіздердің асқақ армандарыңызды білуге бола ма?
— Біздің негізгі мақсат — ойға алған механизмді жолға қою. Ол өз бетімен, біз бармыз ба, жоқпыз ба, жұмыс істей беруі керек. Әр өңірде филиалдар ды ашу да ойда бар. Ең бастысы концепциясын жасау керек.
Қалталы азаматтардан, қаржылы компаниялардан қолдау керек болатыны сөзсіз. Елімізде патриот азаматтар жетеді, Құдайға шүкір. Оларға сауапты іске қол ұшын созыңыздар дейміз. Қаржы құйса, үстеме ақымен қайтаруға мүмкіндік табамыз. Еш еңбек елеусіз қалмайды. Мен бұған ант етемін!
— Бұл істі қолға алғандарыңызға біраз уақыт болған секілді. Қыстап шыққан жанұялар туралы білгім келеді.
— Қабырғасы 15 см болатындай термос үйлер салдық. Адамдар бір жыл қыстады. 20 квадраттық бір бөлмені айтып отырмын. Сол 15 см қабырға ішіндегі шыны мақтасы (стекловата) 40 градус аязда бір жарым киловаттық майлы радиатормен тұрды. Негізінде ол жерге үш киловат керек-тін. Біз салып жатқан үйлер бір жарым киловатпен жылытылады. Адамдар бір жыл қыстап шықты. Өкпе-реніш айтылған жоқ. Қабырғасы одан да жұқа 10 см үйлер салдық. Ол жердің тұрғындары қатты ысып кете берген соң, радиаторларды әлсін-әлсін сөндіріп отырады. Термос технология деген осы.
— Еліміздегі салынып жатқан тұрғын үйлердің шаршы метрі баршаға аян. Сіз сөз етіп отырған термосүйлердің бағасы қанша?
— Термосүйлердің әр шаршы метрін 60-80 мың теңгеден асырмау көзделуде. Сонда 20-30 шаршы метр бөлмелердің құны 1,2 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге дейінгі аралықта болады. Яғни жас отбасылар қарызды ай сайын 50-100 мың теңгеден төлеп, 1 немесе 2 жылдың ішінде пәтерге қол жеткізе алады.
— Сіз айтып отырған термос технологияның адам ағзасына зияны жоқ па?
— Материалдардың бәрі экологиялық таза нәрселерден жасалған. Олардың ішінде радиактивті улы қоспалар жоқ. Біз бәрін құрылыстың нормаларына сүйеніп жасаймыз. Егер ағаш болса, оны өртке төзімді қылып жасатамыз. Ол үшін арнайы спецоброботкалар бар.
— Біздің естуімізше, сіздердің бұған дейін салған бірнеше үйлеріңізді жоғары шенділер тарапынан сүріп тастау жайлы қоқан-лоқы бар көрінеді. Бұған не айтасыз?
— Иә, ондай жағдай орын алып тұр. Қазір әкім-қаралар бұзамыз деп жатқан үйлер Ата Заңға сүйеніп салынған. Біз ақымақ емеспіз ғой, бас салып кез келген жерге үй сала беретін. Мынаны айта кетейін, Конституцияда ең басында Ата Заң тұрады. Одан кейін кодекстер кетеді. Одан соң Президенттің бұйрық-қаулылары болады. Міне, осылардан кейін әкімдердің қаулы – указдары тізіледі. Бізге тағылған айып: әкімдердің қаулыларын алмадыңдар дегеннен шығып отыр. Олар осы әрекеттерімен жоғарыдағы заңдардың бәрін жоққа шығаруда. Негізі заң біз жақта. Біз бүйректен сирақ шығарып отырған жоқпыз. Оны заңға сәйкестеп жасадық.
— Егер бәрі заңды болса, жоғары сотқа шағымдануға не кедергі?
— Сындырамыз дегендермен, шынын айтайық, соттасып жатырмыз. Осы жерде айта кетейін, бұл істің заңды бір жолы бар. Ол — 49 бап.
Олар біздің салған үйлерімізге жекеменшікке арналған жерге тұрғыздыңдар деп жала жауып отыр. Біз оларға: «ортақ иеліктегі меншік, міне, 16 бап» дейміз. Олар: «жоқ ондай болмайды, бұл жекеменшік, бір отбасы ғана тұру керек» деп болар емес.
Біз оларға, ендеше, жер кодексінде 49 бап бар. Онда жер иесі заңды түрде, жердің арнайы мақсатын ауыстыруға құқы бар делінгенін алға тартудамыз.
— Өте қолжетімді үйлерді қанша уақытта салып бере аласыздар?
— Әр жерде әр қалай. Дегенмен жарты жылда 30 бөлмелі үйді салып бере аламыз? Егер оны екі ауысыммен кезектесіп істесек, екі-үш айда да салуға болады.
Үйлерді екі-үш қабаттан тұрғызамыз. Біздің жоспар соған негізделген. Көп қабатты үйлердің жұмысы мен әңгімесі көп. Сонымен қатар пәтер құнын қымбаттатып жібереді.
— Осы жерде бір сұрақ туындайды. Ол — коммуникация мәселесі. Су мен жол қалай жеткізіледі?
— Бұл енді бізге жерді қалай береді, соған байланысты. Біз, әрине, алдымен коммуникациясы бар жер сұраймыз Үкіметтен. Алайда Үкіметтің өз бағдарламалары бар, сондықтан бізге ешкім дайын жерді бере салмайтыны түсінікті. Бізге жолы болса болды, коммуникациясы болмаса да, ол жерді алуға әзірміз. Біз жаңа заманауи технология мен жаңа инновациялық тың жобаларды пайдаланып, толық автономды энергияны күн мен жерден аламыз. Осылайша толық автономды үйлер салсақ деген ниеттеміз. Суды жерден аламыз.
— Кейін жастар өзге аймаққа көшкісі келсе, сіздер салып берген үйін қайтпек?
— Сатады да, жүре береді. Бізден үй алып, кейін оны сатып, менің ватсапыма «Аға, сіздің арқаңызда баспаналы болдым, енді оны сатып, басқа үй алып жатырмын» деп жазып жатқандар бар.
— Сұхбатыңызға рақмет!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз