Елімізде халал атын жамылып, шұжық өнімдерін шығарып жүрген 11 кәсіпорынның әрекетті әшкере болды. Олардың өнімдерінің құрамынан шошқаның ДНҚ-сы анықталыпты. Жыл басында Денсаулық сақтау министрлігі 36 мың өнімді алып, олардың құрамын майшаммен қарап зерттеуге кіріскен-ді. Оған қазынадан 60 млн. теңге қаржы бөлінген. Осылайша, 29 мың өнімнің 2138-і талапқа сай болмай шығыпты. Сөйтсе, халалдың арамға айналуына ет комбинатындағы өнімдердің бір құрылғыдан шығатыны себеп болған екен-мыс. Технологиялық талап бойынша, аппарат тазаланып тұруы тиіс. Тұтынушыларды алдаумен пайдаға қарық болуды көздеген кәсіпорындарға 21 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан сәл бұрынырақ ресейлік компаниялардың шұжығынан жаппай шошқа еті табылған болатын. Бұл жолы шұжықпен қатар, көрші елдің «Халал» белгісі басылған сиыр консервілерінің ішінен де шошқа еті табылған көрінеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз