ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Мәрлен Айнабеков: «Біздің ел осындай жобаны қолға алмақ. Бұл іске Қазақстан жыл сайын 117 млн теңге бөлуге әзір. Кешенді бағдарлама келесі жылы басталады деп жоспарланып отыр. Ол үшін жолбарыстар өмір сүруге қолайлы орта болуы қажет. Жобаның алғашқы бесжылдығында Балқаштың оңтүстігінде фауна мен флораны қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асады. Тоғайлар пайда болады. Және ол жерге жыртқыш аңның азығы саналатын қабан мен бұғы-еліктің түр-түрі жіберіледі. Басты міндет — флора мен фаунаны қалпына келтіру. Бағдарлама шамамен 10-15 жылға созылады»,— дейді. Түркия мен Орталық Азияны қосқанда 12 елдің аумағында өмір сүрген Тұран жолбарыстары өткен ғасырдың 70-і жылдары жойылып кеткен-ді. Бірақ түз тағысының туыстары бар болып шықты.  Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының директоры, ресейлік Игорь Честин: «Генетикалық зерттеулер Тұран жолбарысы Ресейдің Қиыр шығысындағы Амур жолбарысының бір түрі екенін көрсетті. Олардың саны өсіп, көбейіп жатыр. Амур жолбарысын Қазақстанға жерсіндіруге әбден болады»,— деген пікір білдірсе, «Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры» Қазақстанда жолбарыс популяциясын қалпына келтіруге 10 миллон еуро бөлді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз