Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев: «Мемлекет басшысының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек. Осыған орай металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту керек. Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет. Жеке сектордың бірлескен қаржыландыруға атсалысуы барлық қолданбалы ғылыми-зерттеу әзірлемелері үшін міндетті талап болуға тиіс. Жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізу керек. Білім беру саласына өзінің инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың жеке саласы ретінде қарайтын кез келді. Жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту керек. Оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашу қажет»,— делінген. Осыған байланысты мен ТМД мен ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін зерделеп, мектеп оқушылырының жүктемесін азайту жағын қарастыруды , сондай-ақ, балаларды ерте дамыту бағдарламасын әзірлеп, 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап енгізуді тапсырамын. Педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту, педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру, математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру, цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу, мектептерді сапалы бейнематериалдармен қамтасыз ету мәселелері аса маңызды.  Сондай-ақ, білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыруды қарастыру қажет», — деді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз