Алтай Көлгінов:
ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторлары Есет Байкен, Серік Ғиззатұлы, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, облыс жұртшылығы қатысқан есеп беру жиынында БҚО әкімі Алтай Көлгінов өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.
2017 жылды Батыс Қазақстан облысы әлеуметтік-экономикалық дамуының оң көрсеткіштерімен қорытындылағанын тілге тиек еткен облыс әкімі, оған ең бірінші кезекте Елбасы қабылдаған мемлекеттік бағдарламалар тікелей септігін тигізгендігін атап айтты.
Жетістіктерді нақты сандармен өрнектейтін болсақ, ішкі жалпы өнім өткен жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 1,5 трлн. теңгені құрады. 6,3% өсім бар.
Өткен 12 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінде 5,5% өсім бар (2 трлн. теңге). Соның ішінде тау-кен 5,5%, өңдеу саласы 5,7%-ға өсті. Облыс тұрғындарының саны 2017 жылы 647 мың адамды құраса, Орал қаласының тұрғындары 304 мыңға жетті.
Мемлекеттік қазынаға БҚО-дан құйылар салықтың көлемі 2 млрд. теңгеге өсіп, 256 млрд. теңгені құрады. Тек Индустрияландыру картасына қатысушы кәсіпорындардың өзі 5 млрд. теңгеден астам салық төледі.
Осы жерде облыс бойынша Индустрияландыру картасына жалпы көлемі 81 млрд. теңгені құрайтын 22 жоба енгізілгенін айта кеткен абзал.
Өңір басшысы сондай-ақ он екі аудан әкімінің есеп бергенін облыстар шағын және орта бизнес қарқындап дамығанын, жол құрылысы — басты назарда екенін, сапалы су — денсаулық кепілі екенін дәлелдермен, деректермен, баспана — басты мәселе екенін бүге-шігесіне дейін тереңдеп жеткізді.
Облыс әкімінің айтуынша, мемлекеттен «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бөлінген 14 млрд. теңгеден астам қаржыға облыс орталығында 14 көп қабатты және 8 ауданда 188 бір қабатты тұрғын үй салынып, 1500 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Кейінгі екі жылда баспаналы болу бақытына ие болған отбасылар саны 3 мыңнан асып жығылады. Олардың ішінде ардагерлер мен мүгедектер, көпбалалы отбасылар мен жетім балалар, т.б. қоғамның әлжуаз топтарының өкілдері бар екенін ерекше айтты.
Ауылшаруашылық өнімдері 9 елге экспортталыпты. 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасына сәйкес, өткен жылы ауыл тұрғындарына 10,3 млрд. теңге қаржы бөлінді және 8,5 млрд. теңге несие берілді. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 300 ауыл тұрғыны 1,5 млрд. теңгені құрайтын микрокредиттермен қамтылды. Нәтижесінде 285 жаңа жұмыс орындары ашылды. Жалпы алғанда агроөнеркәсіптік кешенді инвестициялау 70 пайызға дейін өсті.
Былтыр БҚО-да 24 білім беру нысаны салыныпты. БҚО әкімі Алтай Көлгінов есепті кездесуінде өткен жылы білім саласында туындаған мәселелер мен олардың шешімдерін де айтып жеткізді.
Елбасының биылғы Жолдауындағы баса назар аударылған бағыттардың бірі — «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы десек, бұл орайда Батыс Қазақстан облысында жүзеге асырылып жатқан жобалар аз еместігін айтып, бұған ерекше тоқталды.
Өңір халқы алдында есеп берген БҚО әкімі Алтай Көлгінов алдағы атқарылар жұмыстармен таныстырды.
Жол азабын тартып келе жатқан қазталовтықтар үшін сүйінші хабар жеткізген облыс басшысы биыл Жалпақталдан Қазталовқа дейінгі жолды жөндеуге конкурс жарияланып, тиісті қаражат бөлінгендігін атап өтті.
Сонымен қатар, облыс орталығында 1500 орындық Мәдениет үйінің құрылысы басталмақ.
— 2030 жылы қаламызда 400 000 адам болады деп отырмыз. Оларды қайда орналастырамыз деген сұрақ туындайды. Бұл мәселені шешу мақсатында «Ақжайық» шағын ауданын салмақпыз. Онда 130 көп қабатты үй болады. Инфрақұрылымы жаңа.
Жарықтандыру бар. Жолдары кең. Жаңа шағын ауданда 50 000-дай тұрғын тұратын болады. Осы шағын аудан үшін арнайы көпір саламыз. Бұл жолды қысқартады. Басқа да мүмкіндіктер береді. Ал Қашағандағы барлық құрылыстарды 2020 жылға дейін аяқтайтын боламыз.
Биыл тағы 50 елді мекенге таза ауызсу жеткізіледі. Газдандыру жұмыстары да жалғасады. Сонымен қатар, 92 елді мекенді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуді бастаймыз, — деді Алтай Сейдірұлы.

Айгүл Ахметова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз