Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының екінші оқылымы өтті. Парламент кулуарында жердің кімдерге және қандай жағдайда жалға берілетіні туралы айтқан ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев: «2016 жылы мамыр айында Елбасының жарлығымен Жер Кодексінің жекелеген нормаларына 2021 жылға дейін мораторий жарияланды. Онда мынадай баптар бар: 24, 27, 34, 97, 100. Кәсіби заңгерлер мұны нақтылады.

2016 жылы депутаттар, қоғам белсенділерінен құралған комиссия жер реформасы мәселесін талқылады. Олар ел аралап, өңірлерге шығып, халықпен талқылап, келесідей төрт мәселені ұйғарды. Бірінші — қазақстандықтар үшін жерді жалға беру формасын сақтап қалу; екінші — жалға берілетін жерлердің мөлшерін шектеу, яғни бір қолға көп жердің тимеуін қарастыру; үшінші — шекаралық аймақтардағы ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді реттеу; төртінші — елдімекендерде малға арналған жайылым мәселесін шешу. Елдімекендерде малға қажетті ауыл шаруашылық жері көлемін нақты анықтауымыз керек. Бүгінде бұл үлкен мәселе. Елдімекендер шетіндегі жерлер жалға берілді. Бүгінде біздің міндетіміз — бұл жерлерді қайтарып, олардың жалға берілуіне тыйым салу. Ол ұжымдық пайдалану негізінде қалу керек. Елбасы жарлығымен жарияланған мораторий 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленген. Мораторий біткенше егжей-тегжейлі жұмыстардың бәрін қамтып болған соң ел болып, халық болып бірге нақты шешім қабылдаймыз. Жалға беру институтын қазақстандықтар үшін қалдырып, оны дамыту мақсатында әрі қарай жалға беретін жердің конкурстық тәртіптерін кері қарадық. Жемқорлық іс-қимылдарының алдын алу және оның ашық болуы секілді мәселелердің бәрін талқыладық. Бұл заң жобасында жерді қазақстандықтарға жеке меншікке беру, шетелдіктерге жалға беру мәселесі қарастырылмаған. Заң жобасының концепциясы жалға беру институтын сақтау мен оны жетілдіру мақсатында жұмыс істейді. Заң бойынша бұрынғыдай шетелдік компаниялар үлесі 49 пайыз емес, тіпті бір процентті құрағанның өзінде оған жер мүлдем берілмейді деп белгіледік», — деді. Дегенмен, БАҚ-тарда заңда көрсетілген норманың сақталмайтындығы туралы деректер әредік-әредік көрініс тауып жүр. Содан да көкейді: «Сірә, заң баптарында иә болмаса оны орындаушылар іс-әрекетінде бір шикілік бар-ау»,— деген бір үргедек ойдың мазалайтынын қалай жасырамыз?

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз