Оңбаған жоспар сияқты, иә? Бірақ астарына үңілейікші. Негізі, рушылдықты жақсы мағынасында қоздыра алсаң, руға бөлінуді дұрыс арнаға бұрып жіберсең, экономиканы дамытып жіберуге, қазақты сапалы ұлтқа айналдыруға әбден болады. Рудың энергиясы ұлттың энергиясынан мың есе артық. Ол қалай дейсіз бе? Қазір айтамыз.

 

Руды жамандау ұлтты жамандаудан да ауыр…

Рас қой. Ұлтты жамандап жатсаң, ешкім ләм-мим демеуі мүмкін. Бірақ найманды немесе адайды тілдеп көрші, талқаныңды шығарады. Осыдан кейін: «қазақ — әлі күнге біртұтас ұлт емес екен», — деп қайғырмай тұра тұрыңыз. Қазақты жамандап тұрған сіздің ұлтыңыз кім? Қазақ! Олай болса, қауым мұныңызды самоирония деп қабылдайды. Яғни қазақты жаман деу арқылы, сөйлеуші өзінің де кемшілігін айтып жатыр, — деп санайды. Сондықтан намыстанбайды, ашуланбайды.
Бұдан шығатын қорытынды: «Ел ішінде — қазақта-а-а-р!» деген ұранға ешкім елеңдемеуі мүмкін. Себебі мен ғана қазақ емеспін. Басқа да қазақтар бар. «Солар барсын» дейтін ақталма аргументі бар көпшіліктің. Ал адрессатты нақтылап дулаттар немесе наймандар десең, ұялғаннан жиналады. Осы қазақтың руы үшін ұялу, руы үшін намыстану дейтін қасиеті (кесірі), қытаймен соғыста үлкен көмек берген. Қалай дейсіз бе? Қазір айтамыз:

 

Рушылдықтың арқасында қытайды жеңгенбіз

Ол оқиға 1756 жылы болып еді. Цин империясы жоңғардан соң, біздің де саудамызды бітіру үшін, Хадах және Дарданг дейтін генералдарына 100 мың армия беріп, қазақ жеріне жұмсайды. Шекара түбінде, қытайларға қазақтар шабуыл жасайды. Бірақ жеңіліп қалады. Не керек, он шақты рет шайқас болады, түгелінде қазақ шегінумен болады. Шегініп, шегініп Сарыарқаға келеді. Енді жеңілмеу керек. Ол үшін не амал-шарғы жасаған дұрыс? Сол кезде Абылай хан, дулат, найман, арғын жігіттері сапырылысқан құрама армияны таратып, оның орнына кіл дулаттан тұратын, тек қыпшақтан құралған полктарды жасақтайды. Сөйтіп соғысқа кіріп кетеді. Қызығы, осы жолы Қытайдың талқанын шығарып жеңіппіз. Бар мәселе мынада екен: Әртүрлі рудан құралған армия жағдай қиындап кетсе, майданды тастап қашып кете алады екен. Ол кезде ешбір жауынгер өзін қор сезінбейді. Себебі «мен ғана қашқам жоқ, бүкіл қазақ қашты», —деп ақтала алады. Ал енді, әр рудан жеке-жеке полк жасағанда, ешкім шегінбеді. Неге? Себебі дулаттардан құралған полк шегінсе, басқа рулар өмір бойы мазақ қылады. Сол үшін Бәйдібектің ұрпағы қырылып жатса да қашпады.
Өз руының абыройына дақ түсірмеймін деген пидагерлікті тек соғыста ғана емес, елдің баюына, экономиканы өрлетуге пайдалануға да болады. Ол қалай дейсіз бе? Қазір айтамыз:

 

Кәрістердің тәжірибесі

1950-ші жылдары Оңтүстік Кореяға бара қалсаңыз, тұп-тура қазақты көрер едіңіз. Кәрістер қорқақ десең, ештеме айтпауы мүмкін. Ал Ким немесе Сон руы жаман деп көр, қолыңда өлуге бар еді. Корея ол заманда қатты рушыл, мешеу бір жұрт еді.
Мешеу дегенде былай ғой. Корея екіге бөлінгенде көптеген кен, шахта-лар, солтүстіктегі коммунистердің территориясында қалып қойды. Ал оңтүстіктің еншісіне тақыр кедейлер мен шовинистік деңгейдегі рушылдық қана бұйырды. Кәрістер ру дегенді чеболь деп атайды. Дәл осы чеболь корея кереметіне себепкер болды. Ол қалай?
Сол кездегі кәрістің Президенті Пак Чон Хи Абылайдың саясатына ұқсайтын қисынды қолданды. Елде енді-енді бой көтеріп келе жатқан, бірақ тек өз руластарын ғана көтермелейтін кәсіпкерлерді жеке-жеке қабылдады. Президент рушылдықты кесір деп санамады. Қайта олардың рушылдығын қоздыра түсті.
— Мә, саған ақша! Ихве руы саудаға өте бейім екенін дәлелде, — деп тапсырма берді. Мықты инженерлер тек сенің ғана руыңнан шығуы керек, — деп, Ли жұртына шарт қойды. Бәске рудың абыройы қойылғасын Ихве руы да, Ли руының адамдары да аянып қалмады. Не керек, рушылдық — Кореяны дамыған елге айналдырды. Қазіргі Samsung, LG, Hyundai, Daewoo деген компаниялар сол кешегі руаралық бәсекенің жемістері. Бұл кәсіпорындарды әлі күнге белгілі бір ру өкілдері ғана басқарады.

 

Кемшілік vs кеңшілік

Соңғы кезде көлігіне, қалпағына руының атын жазып қоятын мақтаншақтар көбейіп кетті. Бұл рушылдықтың көрінісі емес, бұл бар-жоғы қырт тірлік. Егер расымен рушыл болсақ, ана бір рудан жезөкше шықпас еді. Мына бір руда алқаш болмас еді.
Не істеу керек? Әлгі айтқан кәрістің радикалды саясатын қазақ арасына ендіру керек. Тек, оның алдында қоғамды дайындап алу қажет. Мысалға, қоңыраттар сөзге берік. Өтірік айтпайды, — деген бренд қалыптасуы қажет. Сиқым — пысық, саудагер деген ұстаным ел арасында таралуы қажет. Осыдан кейін, белгілі рудың өкілдерінің күшімен пайда болған концерн, корпорациялар да өмірге кеп қалар. Қысқасы, ұлт бойындағы кез келген кемшілікті — кеңшілікке, ерекшелікке айналдыруға болады. Тек жолын табу керек.

Нұрбек Бекбау

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз