№10 Алматы қалалық емханасының Салауатты өмір салты (СӨС) дәрігері Арыстанқұлова Ғалия Мерейқызы: Біздің басты жауымыз – арақ пен темекі

№10 Алматы қалалық емханасының Салауатты өмір салты (СӨС) дәрігері Арыстанқұлова Ғалия Мерейқызы: Біздің басты жауымыз – арақ пен темекі

– Ғалия Мерейқызы, бүгінгі таңда қоғамда ішімдік ішу мен темекі шегу секілді зиянды әдеттерден арыла алмай жүрген жандар аз емес. Бұл уақытша ләззат пен алданыш сыйлағанымен, түптің түбінде адам өмірін қысқартып, денсаулықты құртатын басты жаулардың бірі. Ішімдік пен темекінің адам ағзасына тигізетін ең басты зиянын түсіндіріп өтсек?

– Алдымен темекіден бастасақ. Темекі түтінінде тек никотин ғана емес, адам ағзасын біртіндеп улайтын 4000-нан астам химиялық заттар, соның ішінде шайырлар, қорғасын, аммиак және радиоактивті полоний болады. Темекі шегушінің өмір жасы орта есеппен 10-15 жылға қысқарады.

Ал арақ – бұл ең алдымен жүйке жүйесі мен бауырды зақымдайтын улы зат. Ол қан тамырларын тарылтып, ми жасушаларын улайды. Сондықтан бұл екі әдет те адамды іштен кеміретін нағыз «үнсіз жаулар» болып табылады.

– Көптеген адамдар «мен аз ғана шегемін» немесе «жеңіл электронды темекілер зиян емес» деп өзін жұбатып жатады. Бұл қаншалықты рас?

– Бұл – өте үлкен қате түсінік. Жеңіл темекі де, қазіргі сәнге айналған электронды темекілер (вейптер) де шылым шегуден бас тартуға көмектеспейді және олардың зияны кәдімгі темекіден кем түспейді. Олардың құрамындағы химиялық хош иістендіргіштер мен өкпеге баратын бу тыныс алу жолдарын күйдіріп, ауыр дерттерге шалдықтырады. Кез келген темекі өнімдері никотинге тәуелділікті тудырады.

Ішімдік ағзаға түскенде бірінші соққыны бауыр қабылдайды. Жиі спирттік ішімдік ішетін адамдарда бауыр циррозы дамиды. Сонымен қатар, асқазан жарасы пайда болып, ұйқы безі қабынады. Жүйке жүйесі зақымданғандықтан, адамның есте сақтау қабілеті нашарлап, мінез-құлқы агрессивті болады. Маскүнемдік «стресстен арыламын» немесе «той-томалақта ғана ішемін» деген қарапайым әдеттен басталып, кейін адам өзін бақылай алмайтын созылмалы ауруға ұласады.

– Бұл зиянды әдеттердің тек тұтынушының өзіне ғана қауіпті емес, айналасындағыларға да әсері бар ғой. Одан арылудың жолдары қандай?

– Темекі шеккенде никотин мен улы заттардың 50%-ы қоршаған ортаға тарайды. Бұл «пассивті шегу» деп аталады. Темекі тартпайтын, бірақ сол түтінді жұтатын балалар мен жақындарының өкпесі қатты зақымданады.

Ал ішімдіктің әлеуметтік зияны тіпті шаш етектен. Мас адам отбасында жанжал шығарады, қоғамда қылмыс жасауға бейім келеді және жол-көлік оқиғаларының басты себепкері атанады. Яғни, бұл – тек бір адамның емес, бүкіл қоғамның қасіреті болмақ.

Тәуелділіктен арылу үшін  дәрігерлік кеңесім: 

Мақсат қою: Шылым мен ішімдікті тастау арқылы өзіңіздің денсаулығыңызды, отбасыңыздың бюджетін және болашағыңызды сақтайтыныңызды саналы түрде түсіну керек.

Ортаны ауыстыру: Сізді ішуге немесе шегуге итермелейтін ортадан уақытша алыстаған жөн.

Спортпен шұғылдану: Бос уақытты спортқа, жаяу жүруге немесе пайдалы хоббиге арнау керек. Бұл ағзадағы стрессті табиғи жолмен азайтады.

Маман көмегі: Егер өз күшіңіз жетпесе, нарколог немесе психолог мамандарға жүгінуден ұялмау қажет. 

Қазіргі медицинада бұл тәуелділіктен құтылудың тиімді жолдары өте көп. Денсаулық – Алланың адамға берген ең үлкен аманаты. Оны өз қолымызбен улауға құқығымыз жоқ. Ең бастысы – адамның өз ерік-жігері мен нақты шешімі. Ендеше зиянды әдеттерден бүгіннен бастап бас тартыңыздар!

– Ғалия ханым, пайдалы сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет! Осыны оқыған көпшілік ойланып, өз қаперіне алады деп сенемін.

Сұхбаттасқан – 

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ 

 

23.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26527
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25955
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43349
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39146
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43753