10 ШІЛДЕ-ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕР КҮНІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар-Ел өркендеуінің берік негізі» атты кезекті Жолдауында ветеринария саласын реформалау, орталық пен өңірлердің нақты міндеттерін айқындау, үрдістерді цифрландыру, малдәрігер мамандарын дайындау, жалақыларын өсіру сынды маңызды тапсырмалар берген болатын.
Осы тапсырмалардың аясында ветеринария саласына көп көңіл бөлініп, ауылдық жерлердегі ветеринария мамандарының жалақылары біршама өсті, әлеуметтік қолдау шаралары да басқа мамандарға теңестірілді.
Ветеринария саласы-халық шаруашылығының ең маңызды салаларының бірі болып табылады. Егер тарихқа үңілетін болсақ, ежелгі заманнан бері адам өміріне қажетті мінсең көлік, жесең азық, кисең киім болған жануарлар дүниесі біздің тұрмыс-тіршілігімізден өз орнын алған болатын. Адам мен жануарлардың ортақ ауруларынан бүкіл адамзатты қорғайтын ветеринария саласы бүгінгі таңда да өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Ветеринария қызметінің саласы терең мамандандырылған болып табылады және халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау жөніндегі міндеттерді орындауға жүйелі көзқарасты талап етеді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ветеринария саласында да көптеген жетістіктерге қол жеткізілді.
Ең бастысы ветеринария саласындағы қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңының 2002 жылы 10 шілдеде қабылдануы ерекше сипатқа ие болды.
Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары-Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Кәсіби мерекелердің тізбесін бекіту туралы» 2023 жылғы №258 Бұйрығына енгізілген өзгерістерге сәйкес 10 шілде-Ветеринариялық қызметкер күні болып белгіленді.
Осы кәсіби мереке аясында ағымдағы жылдың 7 шілдесінде Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының ұйымдастыруымен «Олимпик» жеткіншектерді даярлау орталығының спорт кешенінде облысымыздағы ветеринария саласын реттейтін мемлекеттік мекемелердің арасында шағын футболдан турнир өтті. Турнирге 13 команда қатысып, жүлделі орындарға бақ сынасты.
Жарыс сайысы бойынша жүлделі 3 орынға ҚР АШМ «Республикалық ветеринариялық зертхана» Жамбыл облыстық филиалы мен Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария «Жамбыл облысының ветеринариялық станциясы» Шу ауданының ветеринариялық бөлімі таласып, пенальти нәтижесі бойынша Шу ауданының ветеринариялық бөлімі айқын басымдылықпен жеңіске жетті.
Ақтық сынға Қордай ауданының ветеринариялық бөлімі мен Талас ауданының ветеринариялық бөлімі шығып, Талас ауданының ветеринариялық бөлімі 5:0 есебімен жеңімпаз атанды.
Айта кетейік, осы ветеринария қызметкері күніне орай ұйымдастырылған шағын футболдан турнирге жүлделі 1 орынға 100000 теңге, 2 орынға 50000 теңге, 3 орынға 30000 теңге ақшалай сыйлықтар және басқа да марапаттар табысталды.
Бұдан бөлек, үздік қақпашы, үздік ойыншы және үздік қорғаушы номинацияларымен спортшыларымызда марапатталып, көңілдері шаттыққа бөленді.
Сонымен қатар, Тараз қаласындағы «Ы.Дүкенұлы» атындағы мәдениет сарайында облысымыздың ветеринариялық мамандарына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Нұралиев Абдали Тоқбергенұлы және облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының басшысы Құрмантаев Нұржас Нұржанұлы қатысып, ветеринария саласындағы қосқан үлесі мен сіңірген еңбегі үшін ветеринариялық мамандарды марапаттады
Республикамызда бірінші рет атап өтілетін мерекеге орай облыс аумағындағы ветеринария саласында қызмет атқарып жатқан барлық жерлестерімізді кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз және де аумақтағы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүргізіп жатқан қызметтеріне толағай табыс тілейміз. Мереке құтты болсын!