Осы жылдың сәуір айында «AMANAT» партиясының Республикалық мобильді қоғамдық қабылдауы Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданы Полянское ауылында қабылдау өткізген болатын. Сол қоғамдық қабылдау кезінде Полянское ауылының тұрғындары 10 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген Полянское ауылының Киров көшесіне орташа жөндеу жүргізу мәселесін көтеріп қабылдауға жүгінген болатын.
-Біз ауылдың негізгі көшесінің бірінің тозығы жетуіне байланысты жөндеу жұмыстарын жүргізіп берсе деп «AMANAT» партиясының орталықтан, облыстан келген өкілдеріне жүгініп көмек сұраған едік. Арада азғана уақыт өткенде көшені жөндеу жұмыстары басталып кетті. Ауыл тұрғындарының өтініштерін жерде қалдырмай іске асуына ықпал еткен «AMANAT» партиясының басшылығына алғыс айтамыз,- дейді Полянское ауылының тұрғыны Наталья Бургардт.
«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауы жүргізуінің негізгі мақсаты шалғай елді мекендердегі тұрғындардың арыз шағымын тыңдап өзекті мәселелердің жедел шешілуіне ықпал жасау.
- «Ауыл Ел-бесігі» жобасы аясында көшені орташа жөндеуге 16 млн 276 мың теңге сомасында бюджеттік қаражат бөлінді. Конкурстық рәсімдер өткізілді, мердігер анықталды. Жұмыстар 2022 жылдың маусым айында басталды,- дейді Полянское ауылының әкімі Жанна Ахметулдинова.