Елорда тұрғындарының басты проблемаларының бірі «сақалды құрылысқа» салған қаржыларының қайтарымы болатын. 15-20 жылға жуық уақыт бойы сандалған үлескерлер мәселесі соңғы жылдары шешімін тауып келеді. 2019 жылдың жазында астанада проблемалы 150 көппәтерлі тұрғын үй кешені болса, қазір оның 90-ны аяқталды. Сонымен бірге елордалық 16 мың үлескердің 13 мыңының мәселесі шешілді. Елордада әкімі Алтай Көлгіновтың айтуынша, құрылысы ұзаққа созылған өзге нысандар бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Қала әкімі жергілікті орындарды аралау барысында проблемалы тұрғын үй кешендерінің үлескерлерімен кездесті. – «Садовые кварталы», «Комсомольский» және «Аниса» ТК. Жалпы алғанда құрылысы ұзаққа созылған үш көппәтерлі тұрғын үй кешенінде шамамен 1,5 мың үлескер отбасы бар», – дейді қала әкімі Алтай Көлгінов. Әкімнің сөзіне қарағанда, «Садовые кварталы» тұрғын үй кешені – құрылысы 2013 жылы басталған. Бірақ 2014 жылы іргетасының қадалары тұрғызылған күйінде ғана қалған. Әкім бұған алғаш осы нысанның үлескерлерімен тек қазаншұңқырдың маңында кездескен. Сол кезден бері ауқымды жұмыс жүргізіліп, техникалық тексеру өткізіліп, құрылысы жанданды, ал ең маңыздысы – инвесторлар жұмылдырылды. «Садовые кварталы» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау үшін бюджеттен қаражат бөлінген жоқ. Нысанның құрылысы жеке инвесторлар есебінен салынып жатыр. Ал «Комсомольский» тұрғын үй кешені 7 жыл бұрын проблемалы нысанға айналды. Мұнда пәтерлерді 600-ден аса үлескер отбасы алған. Қазіргі уақытта нысанда витраждарды монтаждау, терезелер орнату, лифт жабдықтарын монтаждау, инженерлік желілерді орнату және т.б. жұмыстар жүріп жатыр. «Аниса» тұрғын үй кешені – сегіз жылдық тарихы бар нысан. Бұл нысанға да әкімдік инвесторлар тартқан. Олар өз қаражаты есебінен нысанның құрылысын аяқтайды. Мәселен, 1 және 2-блоктарда қабырғаларын қалау жұмыстары, 5 және 6-блоктарда монолитті жұмыстар жүріп жатыр. Қалған нысандар бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар.