«МҰРА»: Абай атындағы театрдың ауқымды Open-Air концерті мыңдаған көрермен жинады

«МҰРА»: Абай атындағы театрдың ауқымды Open-Air концерті мыңдаған көрермен жинады

29 қыркүйекте Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының алдындағы алаң ауқымды ашық аспан астындағы сахнаға айналды. 93-ші театр маусымының ашылуына және Алматы қаласының күніне арналған «МҰРА» Open-Air гала-концерті 250-ден астам өнерпазды біріктіріп, бірнеше мың алматылық пен қала қонағын жинады.

Гала-концерт Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.

Үш сағатқа созылған бағдарлама Абай атындағы ҚазҰОБТ шығармашылығының сан қырын танытқан ауқымды өнер кешіне айналды. Бір сахнада симфониялық оркестр, театрдың жетекші опера солистері, хор, балет труппасы және джаз-бэнд өнер көрсетті. 30-ға жуық музыкалық нөмір ұлттық және әлемдік классиканы, опера мен балетті, джазды, этно-музыканы, кино музыкасын және әлемдік деңгейдегі танымал хиттерді біріктірді.

Опера өнерін театр солистері Жамиля Баспақова, Гүлзат Дәуірбаева, Зарина Алтынбаева, Оксана Давыденко, Надия Наденова, Наргиз Сатмұхамбетова, Андрей Трегубенко, Олег Татамиров, Дамир Садуахасов, Төлеген Рахымбаев, Балуан Беркенов және басқа да өнерпаздар таныстырды. Классикалық бағдарламаның шарықтау сәттерінің бірі Джакомо Пуччинидің «Турандот» операсындағы Калафтың әйгілі ариясы болды.

Кештің арнайы қонағы Жамиля Серкебаева болды. Ол аңызға айналған Ермек Серкебаевтың репертуарындағы қазақ әндерінен попурри орындады. Сонымен қатар Олег Татамировпен бірге Сальве д’Эспозитoның «Anema e core» («Жан мен жүрек») атты әйгілі неаполитандық әнін орындады.

Кештің ерекше атмосферасын джаз бөлімі қалыптастырды. Александр Трегубенко Барт Ховардтың әйгілі «Fly Me to the Moon» әнін, ал Гүлзат Дәурбаева Джером Керннің «All the Things You Are» композициясын джаз-оркестрдің сүйемелдеуімен орындады. Кештің әсерлі финалдық нөмірлерінің бірі Фредди Меркьюридің аңызға айналған «We Are the Champions» композициясы болды. Оны Дамир Садуахасов орындады.

Концерт басталмас бұрын көрермендерді танымал DJ Dobsun қарсы алды. Оның музыкалық бағдарламасы кештің жарқын басталуына, ауқымды «МҰРА» Open Air концертіне заманауи ырғақ пен ерекше көңіл күй сыйлады.

Музыкалық бағдарламаның жеке бір желісі Алматыға деген сүйіспеншілікке арналды. «Сүйікті Алматы» атты мерекелік попурриде қала тұрғындарының мәдени жадынан орын алған шығармалар, соның ішінде Мансұр Сағатовтың «Алматым менің» және Александр Зацепиннің «Гүл Алматы» әндері орындалды.

Көрермендердің ерекше қошеметіне симфониялық кинопанорама да ие болды. Ашық аспан астында «Кариб теңізінің қарақшылары», «Өкіл әке», «Сақиналар әміршісі», «Аватар», «Ведьмак» және «Тақтар ойыны» фильмдері мен сериалдарынан танымал музыкалық тақырыптар шырқалды. Миллиондаған көрерменнің жүрегінен орын алған танымал әуендер үлкен симфониялық оркестрдің орындауында жаңа тыныс алып, айрықша әсерге бөленді. 

Кеш бойы дирижерлік пультте — Татарстанның халық әртісі, Ресейдің еңбек  сіңірген әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ренат Салаватов, Қуаныш Исмаилов, Мұхтар Қалдаяқов, Рүстем Қабылбай және Әбілқайыр Бейсеков өнер көрсетті.

«МҰРА» концерті идеясының негізгі өзегіне ұлттық экологиялық «Таза Қазақстан» бастамасы арқау болды. Қазақстан табиғатының сұлулығы мен айбары кеш бойы визуалды контент арқылы көрініс тапты. Дала, тау, су, аспан және табиғи ландшафттар ауқымды проекцияларда музыканың көркем жалғасына айналды.

Абай атындағы театрдың тарихи ғимараты жарық пен бейненің әсерлі көрінісіне айналды. 3D-проекциялар, лазерлік инсталляциялар, жарық шешімдері, отты және пиротехникалық эффектілер, 500-ден астам сахналық костюм концертке халықаралық деңгейдегі ауқымды шоу сипатын берді.

«МҰРА» Абай атындағы театрдың 93-ші маусымының жарқын әрі ауқымды ашылуына айналды. Бұл кеште 250-ден астам өнерпаз бен бірнеше мың көрермен Алматының қақ ортасында бас қосты. Опера мен балет, симфониялық музыка мен джаз, ұлттық мұра мен әлемдік хиттер бір арнаға тоғысып, өнерге, туған қалаға және Қазақстанға деген ортақ махаббаттың үнін жеткізді. Концерттің салтанатты финалы Ренат Салаватов пен Қойшыбек Қарбаевтың «Арман қала – Алматы» әнінің тұсаукесерімен қорытындыланды. Ән сахнадағы барлық қатысушылар мен көрермендерді бір арнаға тоғыстырды.

Кештің басты идеясы жобаның атауымен үндес болды: біздің мұрамыз — мәдениет, өнер және табиғат. Оларды сақтау және келер ұрпаққа аманат ету — баршамызға ортақ құндылық.

 

01.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28192
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27672
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 45042
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40694
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45345