Ауыл инфрақұрылымын жаңғыртып, тұрғындардың жағдайын жақсарту, әлеуметтік саланы дамыту бағытындағы жұмыстар Түркістан облысында да тиянақты жүргізіліп жатыр. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында биыл облыста 142 елді мекенде 140 жобаны іске асыруға 21,8 миллиард теңге қаржы бөлінген. (Мұның ішінде 86-сы – жаңа, 54-і – өтпелі жобалар).
Аталған сомадағы қаржы биыл төмендегідей бағыттарға жұмсалады: 7 мектеп пен 1 спорт мектебі күрделі жөндеуден өткізіледі, 17 спорт нысанының құрылысы жүргізіледі. 10 мәдениет нысаны салынып, 6 нысан күрделі жөндеуден өтеді. 2 ауызсу нысаны күрделі жөндеуден өтсе, 7 электр қуатымен жабдықтау нысанының құрылысы жүреді. Ал 90 жоба ішкі көшелерді орташа жөндеуге бағытталып отыр. Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы аталған жұмыстардың барысы талқыланды.
– «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясындағы жұмыстарды уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырамын. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту керек. Әрбір жоба зерделеніп, қадағаланады. Жалпы облыс аумағындағы құрылыс нысандарының бәрі бақылауда тұр. Облыстық басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері жұмысты ширатып, сапалы атқарсын. Аймақты дамыту жоспары, индикаторлардың орындалуы бойынша арнайы зерделеу жүргізіледі, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте өңірді ауызсумен қамту және «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыру мәселелері де талқыланды. Түркістан облысындағы қалалар ауызсумен толық қамтылған, ауылдардың қамту көрсеткіші жыл сайын ұлғайып келеді. Арыс, Шардара, Ленгір, Сарыағаш қалаларындағы ауызсу жүйелерін реттеу мәселесі айтылып, тиісті ұсыныстар берілді. Ауызсумен қамту бойынша облыста 63 жоба жүзеге асырылуда. Оның 7-еуі қалада болса, 56 жоба ауылдарда жүзеге аспақ. Биыл 36 жоба іске асырылып, 30 елді мекен сапалы ауызсумен қамтылады, 7 елді мекеннің су құбырлары жаңартылады. 2 елді мекенге су құбырлары тартылады.
Облыста «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 29 мектептің құрылысы жоспарланған. Бүгінде 13 мектеп тапсырылған, 9 мектепте оқу процесі басталған. Биыл қалған 16 мектеп тапсырылады деп күтіліп отыр. Олардың құрылысы облыс әкімінің қатаң бақылауына алынған. Сондай-ақ мектептерді білікті басшылармен және ұстаздармен қамту жұмысы да назарда тұр.