Биыл ислам және дәстүр құндылығы жылы деп бекітілді. Осыған орай бүгін 18 қазан - Рухани келісім күні аясында аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйытқы болуымен “Дін - халық дәстүрлерінің шырақшысы” тақырыбында конференция өтті. Мән-маңызы ерек жиынға облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Қанат Жұмағұл, М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ қарасты “Дінтану” орталығының бас маманы Бахтияр Алпысбаев, Жамбыл облысы “Дін проблемаларын зерттеу орталығының” бөлім басшысы Ерзат Жақыпов арнайы шақырылды.
Конференцияға жергілікті имамдар мен ардагерлер алқасы, аналар кеңесінің өкілдері және аудан тұрғындары мен жастар қатысты. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Теміржан Ізтілеуов бүгінгі басқосу асыл дініміздің мәні мен мағынасына терең үңілуге және ұлттық құндылықтарды айшықтай түсуге сеп болатынын жеткізді.
Конференцияда халқымыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының түп тамыры, тәрбие маңыздылығы, дәстүрлі дін тақырыбында әсерлі баяндамалар жасалып, тұщымды ойлар айтылды.