Ауыл шаруашылығы мақсатындағы 22 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Биыл Атырау облысында игерілмеген 90 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Бұл туралы облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Ермекқали мәлім етті деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Пайдаланылмаған, мерзімі өткен бос жерлер ғарыштық мониторинг арқылы анықталған.
– Жер Кодексіне енген өзгертулер бойынша, енді жер телімінің 50 пайызы пайдаланылмаған жағдайда мемлекет меншігіне қайтарылады. Қазір мониторингтік топ мерзімі өткен бос жерлерді өз еркімен қайтару бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде, тұрғындар жер телімдерінің көп бөлігін өз еріктерімен қайтарды. Енді, оларға конкурсқа қатысу мүмкіндігі қайта беріледі, – деді Ә.Ермекқали.
Ал 2022-2023 жылдары 400 мың гектардан аса жер телімі қайтарылған. Былтыр орта есеппен 275 жер мемлекет меншігіне өтті. Жеті айдың қорытындысы бойынша облыста 87 жер учаскесі конкурс арқылы қайтадан жер пайдаланушыларға берілді.