БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің кезекті баспасөз мәжілісінде Батыс Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің жыл ішінде атқарған жұмыстары мәлім болды.
Брифингке қатысқан ҚР Сауда және интеграция министрлігінің БҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Киматова жылды қорытындылады. Аталмыш департаментке ағымдағы жылы 534 жазбаша өтініш келіп түссе, оның 87-сі өтініш құзыреті шегінде қарау үшін өзге мемлекеттік органдарға жолданған. Ал қаралған 447 өтініштің 228-і қанағаттандырылған. Сондай-ақ 2023 жылы 304 азамат консультациялық көмек алуға өтініш білдірсе, «қауырт желі» телефоны бойынша 465 өтініш түскен. Олардың барлығына консультациялық көмек көрсетілген.
– Департамент заңнамаға сәйкес, бизнес субъектілеріне тұтынушылардың құқықтарын бұзу фактілері бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізуге құқылы. Тексерулер нәтижелері бойынша «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 190-бабының 5-бөлігі, 6-бөлігі, 193-бабының 1-бөлігі бойынша сатушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартуға құқылы. Департамент аталған кезеңде ірі, орта және шағын бизнес субъектілеріне жоспардан тыс 41 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 26 жағдайда кәсіпкерлік субъектілері ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 5 жағдайда айыппұл салынды. Сонымен қатар департамент ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына сәйкес талапкер болуға және оннан астам тұтынушының құқықтары бұзылған жағдайда сотқа сол мәселе бойынша талап арыз жіберуге құқылы. Осыған байланысты ағымдағы жылы Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына екі талап арыз жолданды. Қазіргі уақытта департаменттің талап-арызы бойынша азаматтық іс сот ісін жүргізуде, – деді Эльмира Нұрқызы.
Талапкер ретінде сот процестеріне қатысудан бөлек департамент азаматтық істерде 3-тұлға, мемлекеттік органның маманы ретінде қарау процестеріне де қатысады. Биыл азаматтардың тұтыну құқықтарын қорғау туралы азаматтық істерді қарау бойынша 53 процеске қатысқан.
Департамент басшысы өз баяндамасында ағымдағы жылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында жұмыс істейтін қоғамдық бірлестікпен бірлесе іске қосқан «Сапалы өнім» жобасы туралы айтып өтті.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы