26 қыркүйек күні сағат 09:00-де Алматы қаласында, «Достық» қонақ үйінде (Құрманғазы көш., 36) менопауза мен андропаузаның екінші Еуразиялық конгресі өтеді.
ДСҰ сарапшыларының деректері бойынша, бүгінде әлемде 60 жастағы және одан үлкен жастағы әйелдердің саны 1 миллиардтан асып отыр. Ал менопаузаның басталу жасы (соның ішінде Қазақстанда да) салыстырмалы түрде тұрақты қалыпта қалып, орта есеппен 49–50 жасты құрайды. Осылайша, әйелдің өмірінің шамамен үштен бірі репродуктивті кезеңнен кейін өтеді.
Белгілі болғандай, Қазақстанда әйелдердің зейнеткерлік жасы 2028 жылға дейін өзгермей, 61 жас деңгейінде қалады. Демек, менопауза басталғаннан кейін зейнетке шыққанға дейін қазақстандық әйелдердің тағы да шамамен 11 еңбекке жарамды жылы бар. Бұл кезеңде олардың өмір сапасының төмендемеуі аса маңызды.
Сонымен қатар, менопауза бүгінде қоғамдық денсаулық сақтау мәселесіне айналды және жақын болашақта қоғам үшін экономикалық сынақ болуы мүмкін. Себебі — 45+ жастағы әйелдердің еңбекке қабілеттілігінің төмендеуі, оған менопауза симптомдары мен денсаулықтың нашарлау қаупі әсер етеді. Мұндай тәуекелдерге остеопороздық сынықтар, жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, когнитивті бұзылыстар, альцгеймер ауруы жатады...
Ерлерге келсек, әлемдік зерттеулер 40 жастан асқан ерлердің 10–35% климактериялық синдром белгілері байқалатынын көрсетеді. Олардың 51% андрогендік бұзылыстардың (тестостерон тапшылығы) клиникалық белгілері тіркелген, ал 3% бұзылыстардың айқын түрлері анықталған.
Бұл шара Қазақстан мен басқа елдердің жетекші мамандарын тәжірибе алмасу, диагностика, емдеу және әйелдер мен ерлердің өтпелі кезеңдегі денсаулығын қолдаудың жаңа тәсілдерін талқылау, сондай-ақ қоғамдық денсаулық сақтау саласында пәнаралық стратегиялар қалыптастыру үшін біріктіреді.
Қатысушылар менопауза мен андропаузаның қазіргі заманғы тәсілдері бойынша білімдерін және практикалық дағдыларын кеңейтеді, халықаралық ұсынымдарды талқылап, оларды қазақстандық тәжірибеге бейімдейді. Кәсіби пікірталастардың орталығында нутрициологияның рөлі, гормоналды және гормонсыз қолдау, жеке емдеу бағдарламалары, сондай-ақ өңірдің денсаулық сақтау контексінде әйелдер мен ерлер денсаулығына мультидисциплинарлық көзқарас мәселелері болады.
Шараның ұйымдастырушылары — Қазақстандық менопауза және андропауза қауымдастығы және Қазақстандық жыныстық және репродуктивті денсаулық қауымдастығы (ҚМПА).