Орал қаласында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға жаңа пәтерлер беру жұмыстары жалғасуда.
Бұл туралы Орал қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс орталығында су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, су тасқыны салдарынан жалғыз үйі жарамсыз болған отбасылар жаңа баспанамен қамтамасыз етілуде. Қазір шаһарда осындай 1103 отбасы жаңа пәтер иелері атанды.
Соның жалғасы ретінде қаланың орталығындағы «Азимут» тұрғын үй кешенінен 56 отбасыға пәтер кілттері табыс етілді. Жаңа қоныс иелерін облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов құттықтады. Ол Президенттің қолдауымен су тасқынынан зардап шеккен барлық азаматтарға қажетті қолдау шаралары көрсетіліп жатқанын атап өтті. Пәтер иелерінің қуанышына ортақтасып, шаңырақтарына бақ-береке тіледі.
Оралда су тасқынынан зардап шеккендерге нарықтағы пәтерлерді сатып алумен қатар, тұрғын үй салып беру жұмысы да жүргізілуде. Бүгінде шаһардың іргесіндегі Зашаған, Деркөл кенттерінде және Жұлдыз шағын ауданында 400-дей үйдің құрылысы жүргізілуде.