1943 жылы маусымда жас сарбаз Калинин 4-соққы әскерінің 19-атқыштар полкінің, содан кейін 1-Балтық және 3-Белорус майдандарының алдыңғы қатарында болған. 1944 жылдан бастап 51-Қызыл тулы 30-жеке барлау ротасының, Суворов орденінің, Витебск атқыштар дивизиясының құрамында қызмет еткен.
Беларусьті, Латвияны, Литваны, Польшаны, Кенинсгберг қаласын азат еткен. Соғыстың соңғы айларында тағы 2 рет жараланып, Кенинсгбергте Жеңіс күнін қарсы алып, кейін Польшаға жіберілген. Содан кейін 3 рет жараланған адам ретінде демобилизацияланған.
1947 жылы аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарған Қамбар Әмірұлы Алматыдағы КСРО ІІМ үш жылдық офицерлік мектебінің курсанты болған.
1950-1980 жылдары ІІО-да кіші лейтенанттан полковникке дейін, қатардағы жедел уәкілден Қазақстан ІІМ мемлекеттік күзет қызметі басқармасының бастығына дейін қызмет еткен. 1980-1997 жылдары Алматы қаласының стратегиялық нысандарын күзету бойынша азаматтық қорғаныс жүйесінде жұмыс істеген.
Отанға қалтқысыз қызмет еткені және борышын үлгілі атқарғаны үшін полковник көптеген наградамен марапатталған, ол — «КСРО милициясының үздігі» төсбелгісінің кавалері. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының I және II дәрежелі 2 орденімен, II және III дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, Қызыл Жұлдыз орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Кенингсбергті алғаны үшін» медальдарымен наградталған.