Әділетті Қазақстан құру – біреулер айтып жүргендей оңай шаруа емес. Себебі ел болғасын адамдардың аласы мен құласы жүреді. Біреулер әділдікті қолдаса, тура жүріп, тура тұрса, енді біреулер үйреніп қалған әдетінен жаңылмай, пара беруге, пара алуға бейім тұрады. Осындай алмағайып шақта Әділетті Қазақстан құру мүмкін бе? Әрине, жоқ. Ол үшін халық болып оянуымыз керек. Кез келген азамат өзі өмір сүріп отырған қоғамнан әділдікті талап етуге құқылы. Әділдік бар жерде, дамушы қоғам бар. Халық қай заманда да әділетті қоғамды аңсайды. Себебі ол жерде тіршілік кешу жеңіл, адал еңбек бағаланады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру аса маңызды. Жаңа сайлау науқанының мерзімдерін және оның ретін елге ашық жариялау шешім қабылдау кезіндегі ашықтық қағидатына сай келеді. Осы қадамның бәрі біздің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты формуламызды біртіндеп нақты мән-мазмұнмен байыта түседі. Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз», – деп атап өтті. Әділетті Қазақстанды құру арқылы мемлекетімізде әділетті қоғам орнайды және ол баршамыздың ортақ мақсатымыз. Әр халық өзінің дұрыс таңдауын жасаса, ол болашаққа деген үлкен қадам болмақ. Ал әділ сайлау – экономикамыздың тұрақты дамып, халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған міндеттерді жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік. Бұның барлығы біздің Әділетті Қазақстан құруымыздың бірден-бір кепілі.
Кез келген әділ сайлау өзіне тән ерекшеліктерімен есте қалары сөзсіз, яғни Парламент әр аймақтың мүддесін қорғайтын сенімді, мықты өкілдермен толығады. Әр ауыл өзі қалаған әкімді сайлай алады. Саяси бәсеке күшейеді, халық болса өзі таңдаған, өз мүддесін мүлтіксіз қорғайтын үміткерлерге дауыс береді. Сайлау барысында қолынан іс келетінін, бәсекеге қабілетті бола алатынын дәлелдеген үміткерлер мен партиялар ғана Парламенттен орын алады. Нәтижесінде, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қалыптасуына үлкен жол ашады. Әділ сайлау – әділеттің нышаны. Жалпы, сайлау дегеніміз – халықтың үні, халықтың жеке пікірі. Сол үнді үзбей, пікірді бұрмаламай, таза күйінде жүзеге асыру әділетті қоғам құрудың іргетасы екені анық. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясының негізгі басты принципі де сол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзі көптің көкейінде жүр.
«...Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс...» – деді Президент.