Ақмола облысының әкімдігінде облыс әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Іс-шараға аудан және қала әкімдері, сондай-ақ басқарма басшылары мен «Көкше» ӘКК өкілдері қатысты.
Өңірде 18 млрд теңге көлеміндегі қолжетімді кредит қаражаты есебінен жаңа сүт-тауар фермаларын құру және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту бойынша 8 жоба қаржыландырылды. Бүгінгі күні 5,8 мың басқа арналған 6 сүт-тауар фермасы іске қосылып, бұл өңірде сүт өндірісінің 28%-ға өсуін қамтамасыз етті. Барлық фермаларды толық қуатына енгізу жыл сайынғы тауарлы сүт өндірісін 48 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.
«Өңірде ауылшаруашылығына жеңілдетілген кредит беру мен инвестициялар тарту жұмыстары әлсіз жүргізілуде. Инвестициялық белсенділік деңгейі өңірдің даму көрсеткіші әрі оның отандық және шетелдік бизнес үшін тартымдылығын айқындайды. Біздің негізгі міндетіміз – облыста қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырып, инвесторлар үшін қажетті жағдай жасау», – деп атап өтті өңір басшысы.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен ауылшаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға салаға 125 млрд теңгеден астам қаражат тартылған. 2026 жылға арналған облыстың АӨК-іне инвестициялар тарту бойынша жоспарлы мақсатты көрсеткіш 159,4 млрд теңгені құрайды.
Кеңес қорытындысы бойынша АӨК негізгі капиталына инвестициялар өсімінің оң қарқынын қамтамасыз ету, сондай-ақ барлық инвестициялық жобалардың уақытылы іске асырылуын және олардың сүйемелденуін бақылауда ұстау тапсырылды.















