Агроөнеркәсіпке серпін берген жобалар: «Тараз» ӘКК-нің нәтижелі жұмысы

Агроөнеркәсіпке серпін берген жобалар:  «Тараз» ӘКК-нің нәтижелі жұмысы

Жамбыл өңірінде ауылшаруашылығы мен өңірлік экономиканы әртараптандыру бағытында соңғы жылдары бірқатар тың бастамалар қолға алынып келеді. Бұл үдерісте мемлекеттік қолдау тетіктері мен жергілікті даму институттарының рөлі айрықша. Солардың бірі – «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы. Аталмыш мекеме 2024 жылғы және 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмысын қорытындылап, агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге бағытталған нәтижелі жобаларымен көзге түсті.

Корпорация жұмысына экономикалық бағыттағы жүйелі көзқарас қалыптастырып отырған басқарма төрағасы Берік Манасов соңғы екі жылдағы нәтижелердің арқасында корпорацияның инвестициялық және инфрақұрылымдық әлеуетінің нақты артып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, жекелей қаржылық есеп бойынша 2024 жыл 183 миллион теңге таза пайдамен аяқталған. Бұл көрсеткішке агроөнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобалар мен шағын өнеркәсіптік аймақтардың құрылысын несиелеу айтарлықтай ықпал еткен. Нәтижесінде корпорация активтері 13 млрд теңгеге өсіп, 48 млрдтан 61 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

2024 жылдың басынан бері корпорация Жамбыл облысының негізгі экономикалық секторларын қолдау, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнесті ынталандыру бағытында бірқатар бастамаларды іске асырды. Мәселен, 2024 жылдың тамыз айында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамымен 4,56 млрд теңгеге шағын өнеркәсіптік аймақтар құру туралы несие шартына қол қойылып, бұл қаражатқа үш инвестициялық жоба қаржыландырылды. Аталған жобалар 2025 жылдың екінші және үшінші тоқсандарында іске қосылады деп жоспарланған. Жобалар «Тараз» индустриялық аймағы мен «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы аумағында орналасқан 40 мың шаршы метр өндірістік алаңда жүзеге асады. Бұл алаңдарда шыңдалған шыны, ауылшаруашылық техникасы, тамшылатып суару жүйелері, қағаз, мотоцикл техникасы және басқа да сұранысқа ие тауарлар өндіріледі. Сонымен қатар, 2024 жылы ауылшаруашылығы өндірушілеріне арналған сервис орталығын құру, көліктерге газ құятын компрессорлық станция салу, Жаңатас қаласында көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеу сияқты жобалар мақұлданып, іске аса бастады.

«Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жанынан 2024 жылдың мамыр айында құрылған «Zhambyl Invest» дирекциясы отандық және шетелдік инвестицияларды тартуға басымдық беріп отыр. Оның қызметі «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастырылған. Дирекция құрылғалы бері 300-ден астам кездесу өткізіліп, нәтижесінде 25 меморандум мен ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге қол қойылды. Жамбыл облысы мен Қытай қалалары арасында бауырластық байланыстар орнатылып, 30 нишалық және 20 ірі инвестициялық жобаға арналған таныстырылымдар әзірленді.

Берік Манасовтың айтуынша, «Zhambyl Invest» Жамбыл облысы кәсіпкерлерінің экспорттық бастамаларын да сүйемелдеуде. Бүгінге дейін Ресей Федерациясына ет өнімдерін жеткізу бойынша үш келісімшартқа қол қойылған. «Жамбыл облысының делегациясы халықаралық форумдарға қатысып, өңірдің инвестициялық әлеуетін белсенді таныстырып келеді. Мәселен, Қазақстан – Қытай іскерлік кеңесінде және Орталық Азия инвестициялық форумында біздің өңірге қызығушылық танытқан инвесторлармен нақты келіссөздер өтті», – дейді Берік Манасов.

Қазіргі таңда дирекция сүйемелдейтін 35 жобаның жалпы құны 2,9 млрд АҚШ долларына тең (1,5 триллион теңге). Атап айтқанда, Шу қаласындағы 674 млрд теңгеге металлургия зауытын және 175 млрд теңгеге жүгеріні терең өңдейтін зауыт салу жоспарланған. Бұл жобалар арқылы тиісінше 2500 және 1000 жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар, корпорация 2019-2024 жылдары «Ауыл аманаты» жобасының операторы ретінде республикалық бюджеттен 38,4 млрд теңгеге 8027 жобаны қаржыландырды. Бұған қоса, жергілікті бюджеттен ауылшаруашылығы кооперативтеріне техника сатып алуға 2,4 млрд теңге бөлінген. «Ауыл аманаты» бес бағытты қамтиды: үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану (187,3 млн тг, 24 жоба), мал шаруашылығын дамыту (37 млрд тг, 7889 жоба), пай жерлерді игеру (673,4 млн тг, 41 кооператив), техникамен жабдықтау (2,4 млрд тг, 48 кооператив), өзін-өзі жұмыспен қамту (542,7 млн тг, 73 жоба). 2024 жылдың қыркүйегінен бастап қайтарылған қаржы есебінен қосымша 450 жоба 3,4 млрд теңгеге қаржыландырылған.

2024 жылы кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында ауылшаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға 1,5 млрд теңге бөлініп, 36 субъект қаржыландырылды. Агроөнеркәсіптік бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен 8 млрд және жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражатқа төрт сүт-тауар фермасы (4,3 млрд тг), алты көкөніс сақтау қоймасы (2,4 млрд тг), тамшылатып суару жүйелері (700 млн тг) және ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу жобалары (965 млн тг) қаржыландырылды.

«Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру ісіне де белсенді қатысып отыр. 2024 жылы Тараз қаласы базарларында 1,2 тонна қарақұмық, 10,7 тонна қырыққабат, 44,7 тонна картоп, 13,1 тонна сәбіз, 3,4 тонна ұн (наубайханаларға 1810 тонна), 59,1 тонна күріш, 1 764 760 дана жұмыртқа және 84 810 литр май сату арқылы нарықтық интервенциялар жүргізілді. 2024 жылдың мамыр және тамыз айларында ерте және күзгі көкөністерді жеткізу бойынша келісімшарттар жасалды.

Биыл әлеуметтік дүкендерге төмендетілген бағамен 418,3 тонна картоп, 19,2 тонна сәбіз, 52,3 тонна қырыққабат, 284 280 дана жұмыртқа, 32 250 литр май, 0,3 тонна күріш және 18 тонна қант жеткізілді. 2025 жылғы 15 наурыздан бастап Тараз қаласы, Жамбыл даңғылы 18 д мекенжайындағы әлеуметтік жәрмеңкеде 15 тонна картоп, 2 тонна қырыққабат және 6 тонна сәбіз төмен бағамен сатылымға шығарылды.

«Бағаны тұрақтандыру және әлеуметтік жәрмеңкелерді ұйымдастыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады», – дейді Берік Манасов.

Қорытындылай келе, агроөнеркәсіптік кешенге бағытталған жобалар мен жүйелі инвестициялар Жамбыл облысының экономикалық дамуында маңызды рөл атқарып отыр. «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының бастамалары ауылшаруашылығы өндірісін әртараптандыруға, шағын және орта бизнесті қолдауға, өңірлік инфрақұрылымды жаңғыртуға тың серпін берді. Корпорацияның алдағы кезеңдегі басты мақсаты – инвестициялық ауқымды кеңейтіп, ауылдағы еңбек өнімділігін арттыру, сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл бағыттағы жұмыстар өз нәтижесін береріне сенім мол.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Жамбыл облысы

Суреттерді түсірген – Юрий Ефимов

 

31.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16530
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16381
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31558
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30175
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33770