Әйелдің де жалғыз жаны бар

Әйелдің де жалғыз жаны бар

Бүгінгі қоғамда ең қорқынышты құбылыстардың бірі – адам өмірінің құнсыздануы. Кісі өлтіру, тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдердің жақын адамдарының қолынан қаза табуы, буллинг салдарынан болған өлімдер күнделікті жаңалық лентасының үйреншікті тақырыбына айналды. Бұл жаңалықтардың құрбандарының басым бөлігі – әйелдер. Әсіресе «үй ішінде», «жақын адамның қолынан» үзілген өмір қоғамда елеусіз қалып, әйел тағдыры арзандап кеткендей әсер қалдырады.

 

Салтанат, Айзат, Яна, Алтынай, Ляззат, Нұрай – тағдыры әртүрлі болғанымен, бір қасіретпен байланысқан есімдер. Бұлардан бөлек, есімі жарияланбаған тағы қаншама қыз-келіншектер бар. Әрбірінің артында жартылай қалған өмір, орындалмаған арман, жылап қалған ата-ана, анасыз қалған бала және сүйіспеншілікке үлгермеген жүрек жатыр. Олар өмір үшін күрескен, әр тынысында өз құндылығын дәлелдеуге мәжбүр болған батыр әйелдер.

Бүгінде әйел көбіне ашудың нысаны, әлсіз, қарсы тұра алмайтын жан ретінде қабылданады. Бұл – қоғамның ең қауіпті дерті. Ашулансаң сындыруға болатын зат сияқты. Ең қорқыныштысы – жауыздықтың қалыпты жағдайға айналуы. Әрбір қыздың қорқынышсыз өмір сүруге құқығы бар, сол үшін әйелдің өмірі статистика болмауы керек. Бұл – талап емес, бұл – қарапайым әрі негізгі адам құқығы.

Қоғамда әлі күнге дейін жәбірленушіге сын айтатындар бар. «Неге шыдады?», «Неге кетпеді?», «Өзі себепкер болған шығар» деген сан түрлі сұрақтар айтылады. Ал бұл дегеніміз жәбірленушіні екінші мәрте өлтірумен тең. Қорқынышта, бақылауда, психологиялық тәуелділікте өмір сүрген адам үшін кету әрдайым мүмкін емес. Осы орайда айта кететін жағдай, күнделікті қорқыту, психологиялық қысым, бақылау, жүріс-тұрысты шектеу, сөзбен қорлау – бәрі де біртіндеп қатыгездікке, ал кей жағдайда өлімге апаратын жол. Сондықтан «қызға қырық үйден тыйым» емес, қауіпсіздік пен бостандық қажет.

Кей жағдайда әйелдер өз тағдырын үнсіздікпен, ішкі күреспен өрбиді. Ол отбасы үшін, бала үшін, болашақ үшін шыдайды. Өз армандарын кейінге ысырып, өз қажеттілігін екінші орынға қояды. Әйелдің күші әлсіздігінде емес, төзімінде. Бірақ төзімнің де шегі бар. Себебі әрбір әйел ең алдымен жеке тұлға, өз өмірі мен өз тағдыры бар адам. Ал сол әдемі өмірін қиып жатқан қаншама хайуан, арсыздар бар. Көпке топырақ шашпаймыз, алайда өзіне деген тапсырылған аманатын бағалап білмеген, күшін әлсіз жандыларға жұмсайтын, эмоциясын басқара алмайтын надандар қаншама. Кейбір ер-азаматтар үшін әйел бағынышты рөлдегі адам ретінде қабылданатыны жасырын емес. Сабырдың орнына ашу, сөйлесудің орнына күш қолдану қалыпты құбылысқа айналған кезде, ең алдымен әйел тағдыры зардап шегеді. Бұл бәлкім тәрбиенің, құндылықтар жүйесінің және ер адамның өз рөлін толықтай түсінбеуінің салдарынан болуы мүмкін. Осы тұрғыда қоғамда, жалпы әйел өміріндегі қорғаныштың бейнесі саналатын нағыз ер-азаматтың прототипі – қауіп төндіретін емес, қауіптен қорғай алатын тұлға болуы тиіс! Ер адамның рөлі әйелді шектеуде емес, оны қорғауда, үстемдік етуде, серіктес болуда. Егер ер-азамат әйелдің құндылығын түсінер болса, қоғамда тұрақтылық пен сенім болады.

Әйел тағдыры қадірлеуді қажет ететін құндылық. Өйткені әйелдің өмірі тек бір адамның емес, бүтін бір ұрпақтың тағдыры.

 

Камила СЕРІКҚЫЗЫ,

Жетісу облыстық сотының

 баспасөз қызметінің бас маманы 

 

29.01.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 22821
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 22571
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 38479
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36131
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40204