Батыс Қазақстан облысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында он ірі жобаны іске асыру қарастырылған.
Бұл туралы БҚО өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Гүлжаз Жәнібекқызы Қазбекова мәлімдеді.
– Ұлттық жоба аясында халыққа көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыру, сондай-ақ ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту көзделген, – деген Гүлжаз Жәнібекқызы ұлттық жоба аясында өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Департамент басшысының айтуынша, ұлттық жоба аясында облыстың коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, жылумен, электрмен, сумен жабдықтау және су бұру нысандарында жөндеу мен құрылыс-монтаждау жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Бұл инженерлік желілердің тозуын азайтып, коммуналдық жүйелердің сенімділігін арттыруға және өңірдің тұрақты дамуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жоба аясында келесі 10 ірі жоба іске асырылатын болады.

«Жайықжылуқуат» АҚ-ға қарасты ұзындығы 1,83 шақырым болатын №6 жылу магистралін, ұзындығы 1,74 шақырым болатын №7 жылу магистралін, сондай-ақ «Құрылысшы» шағынауданындағы жалпы ұзындығы 8,82 шақырым болатын орамішілік жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жобалар аяқталғаннан кейін тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды қоса алғанда 46 мыңнан астам тұтынушы сапалы әрі сенімді жылумен қамтамасыз етіледі.
«Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС бойынша өңірдің электр желілері кешенінде әуе электр жеткізу, тарату желілерін және трансформаторлық қосалқы станцияларды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ірі жобалардың қатарында Бөрлі, Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарындағы 10 кВ және 0,4 кВ желілерін, сондай-ақ кешенді трансформаторлық қосалқы станцияларды реконструкциялау, Орал қаласындағы 0,4 кВ желілерін жаңғырту және облыстың бірқатар аудандарында 35 кВ электр жеткізу желілерін қайта жаңғырту мен салу жұмыстары бар. Бұл жобалар 200 мыңнан астам тұтынушы үшін электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Батыс су арнасы» ЖШС-ға қарасты сумен жабдықтау және су бұру саласында ПНС-20 көтергіш сорғы станциясын, КНС-1 және КНС-29 кәріз сорғы станцияларын қайта жаңғырту, сондай-ақ Орал қаласының жерасты су тарту көзін кеңейту үшін қосымша бес су ұңғымасын бұрғылау жобалары іске асырылуда. Бұл нысандарды жаңғырту сумен жабдықтау жүйелерінің тұрақтылығын арттырып, қаланың инфрақұрылымын одан әрі дамытуға жағдай жасайды.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
БҚО, Орал қаласы













