Салауатты өмір салтын ұстану бақытты өмір сүрудің кепілі десек, қателеспеспіз. Қазақ халқы: «Дені саудың жаны сау», «Бірінші байлық – денсаулық», «Шынықсаң, шымыр боласың» деп бекер айтпаған. Ал адамның денсаулығы мықты, шымыр, шыдамды болуы үшін адам өзін үнемі шынықтырып, спортты серігіне айналдыруы тиіс.
Алматы қаласы, Наурызбай ауданы, №208 мектеп-гимназияның 1-сынып жетекшілері мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері «Әкем, анам және мен» атты отбасылық спорттық сайыс ұйымдастырды. Тәрбие басы тал бесіктен басталатынын ескерсек, бұл додада ата-ана мен баланың арасындағы бірлік пен татулық, ұйымшылдық пен жауапкершілік, сыйластық пен түсіністік, спортқа деген қызығушылық, жеңіске деген талпыныс көрініс тапты.
Сайысқа «Бірлік», «Болашақ», «Сұңқар», «Қыран», «Рух», «Барыс» топтары белсенді қатысып, сайыстың жоғарғы деңгейде өтуіне атсалысты. Әр отбасы жеке топты құрап, әр топ жеңіске жету үшін 6 кезеңнен тұратын кедергілерден өтті. Нәтижесінде «Болашақ» тобы 1-орын, «Рух», «Барыс» тобы 2-орын, «Бірлік», «Қыран» тобы 3-орынға ие болып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ата-ана мен баланың арасындағы ынтымақтастықты, жарастықты көрсете білген бұл сайыс туралы ата-аналар өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Атап айтар болсақ, 1 «Д» сыныбының оқушысы Бекахмет Хантөренің анасы Ақберен Атабай спорт барлық тәрбие атаулының бір бөлігі екенін, балалардың бос уақытын тиімді өткізуде осындай іс-шара ұйымдастырып отырған мектеп әкімшілігіне алғыс білдіре отырып, қызығушылықпен белсенді қатысқанын айтты. Ал 1 «Ә» сыныбының оқушысы Құдайберген Амилидің әкесі отбасылық сайыстың жиі болғанын құптайтынын айтса, 1 «Б» сынып оқушысы Болат Әлиханның әкесі осындай іс-шараларға қатысуға дайын екенін, қолдайтынын жеткізді.
Жаһандану дәуірінде ұрпағымыздың ақыл-ойының, дене бітімінің дұрыс қалыптасып, денсаулығы мықты, епті, икемді болуына отбасы, қоғам болып күш салайық.
ЕРНАР БАКЕЛЕКОВ,
Алматы қаласы, Наурызбай ауданы,
№208 мектеп-гимназиясы дене шынықтыру
пәнінің мұғалімі