Барша мұсылмандардың ұлық мерекесі Құрбан айттың басталуына орай Көкшетаудағы Науан хазірет атындағы орталық мешітте айт намазы оқылды. Ұлық мейрамның құрметіне Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев мешітке арнайы келіп, жамағатты Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Әкім құттықтау сөзінде:
– Дінаралық түсіністіктің арқасында елімізде бірлік, береке артып, ынтымақтастық нығайып, діни қызмет кеңінен өркен жайып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда халқымыздың береке-бірлігі бәрінен де қымбат, ол үшін ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру өте маңызды. Асыл дінімізді ардақтау, мешіттерге көмектесу – әр мұсылманның парызы. Бұл мешіт ашылғалы 5 жыл болды. Бірақ ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Құрбан айт күніне орай, осы орталық мешіттің жөндеуіне 25 миллион теңге бөліп отырмын. Жөндеу жұмыстарынан бизнес өкілдері де шет қалмайды деп білемін.
Құрбан айт құтты болсын! Шалған құрбандықтар, ізгі амалдарымызды Алла қабыл етсін! Ел аман, жұрт тыныш болсын! – деп, қаржылай сыйлығына бірнеше құран кітаптар қосып, мешіт имамына табыстады. Әкім Ермек Боранбайұлы жамағатпен бірге Құрбан айт намазын оқыды.
Родина ауылы тұрғындарының қуанышы
Құрбан айт мерекесінде Целиноград ауданы Родина ауылында жаңа мешіт ашылды. Мешіттің ашылу салтанатына Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев, ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкіл имамы Қ. Сәбитов, Астана және Қазақстан митрополиті Александр, Қазақстанның Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Б. Ертаев, ҚР Парламентінің Сенаты және Мәжіліс депутаттары, басшылар, Родина ауылының тұрғындары қатысты.
Шара басында облыстың бас имамы Қуаныш қажы Жұмабайұлы күллі мұсылман аруақтарға арнап құран оқыды.
Келесі кезекте облыс әкімі Ермек Маржықпаев ауыл тұрғындарын Құрбан айт мерекесімен құттықтап, мешіт салушыларға ризашылығын білдірді. Әкім құттықтауында: «Құрметті жерлестер! Баршаңызды әлемдегі күллі мұсылмандар үшін қасиетті мейрам – Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Халқымыздың рухани дүниесінде ерекше орын алатын мейрам қарсаңында осы Родина ауылында салынған заманауи мешіттің ашылу салтанатына қатысып тұрмыз. Ақмола өңірінде 80-нен аса мешіт бар. Оның 11-і соңғы 3 жылда салынған. Міне, бүгін тағы бір құлшылық үйі есігін айқара ашты. Мешіт құрылысы толықтай «Родина» АФ» ЖШС қаражатына салынды. «Родина» агрофирмасының басшысы, Ақмола облысының Құрметті азаматы, құрметті академик-профессор, меценат, Еңбек Ері Иван Сауэрге ауыл тұрғындарының әлеуметтік, рухани қажеттілігіне аса көңіл бөліп, әрдайым қамқорлық көрсетіп жүргеніне ризашылығымды білдіремін. Мұсылман қауымына мешіт салып беріп, игілікті іс жасаған Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэрдің бұл өнегесі басқа да кәсіп иелеріне үлгі-өнеге болады деп ойлаймын. Рухани, діни орданың игілігін көріңіздер. Баршаңызды маңызды оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!» – деп, соңынан мешітке тарту жасады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының өкімімен жаңа мешіттің имамына Нұрбол Байқоныров тағайындалыпты. «Родина» Агрофирма» ЖШС Бас директоры Сауэр Иван Адамұлы ауданның ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен бірігіп имамға жаңа үй мен автокөліктің кілтін сыйлады. Бұл оқиғаға мән беріп қарасақ, өзге ұлттың өкілі өз қаржысына зәулім мешіт салдырып, имамға үй, көлік сыйлағаны бұрын-соңды болмаған рәсім бе деп қалдық.
Аумағы 262 шаршы метр, бір мезетте 100 адам намаз оқитын мешіт құрылысына 300 млн теңге қаржы жұмсалыпты. Жаңа мешітке Мұқыш Наубайұлының аты беріліпті. М.Наубайұлы Иван Сауэрдің әкесі Адаммен бірге өмірдің сан қилы қиындығын бірге кешкен жан досы болса керек.
Ақмола облысы тұрғындары Құрбан айт мейрамын осылай қуанышпен қарсы алды.