Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтың төрағалығымен өткен кеңесте азық-түлік тауарларының бағаларын бақылау, мониторинг жұмыстары, әлеуметтік дүкендердің қамтылуы, сақтау қоймаларының дайындық барысы туралы жан-жақты сараланды. Облыс әкімі: «Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылауда ұстау, тұрақтандыру жұмыстары – басты талап. Ол үшін бізде қажетті шаралар қабылданып, жоспар әзірленген. Бұл тұрғыда әлеуетіміз де жеткілікті. Дегенмен, осы орайдағы жауаптылардың жұмыстары ойдағыдай дей алмаймыз. Мәселен, менің шаруашылықтар мен сауда орындары арасында делдалсыз өнімді өткеру жөніндегі тапсырмама сәйкес, бүгінгі күнге дейін жалпы 17 мың тонна өнім көлеміне 204 дүкенмен келісімшарттар жасалған. Дегенмен келісім жасалған өнім көлемі әр аудан халқының тұтыну нормасы қажеттілігінің 5 пайызын да қамтуға жеткіліксіз. Осыған орай ерте пісетін өнімдерді делдалсыз тікелей дүкенге жеткізу үшін шаруашылықтармен жұмыс жасау қажет. Мемлекет халықтың жағдайын жақсарту, тұрмысын арттыру бойынша ауқымды шаралар қабылдауда. Бұл орайда өңірлік деңгейлерде бағаны тұрақтандыру, бақылау жұмыстарының үздіксіз жүргізілуі маңызды. Осы орайда жұмысқа деген көзқарасты өзгертетін кез келгенін тағы да еске саламын. Кәсіпкерлер мен шаруалар бізге емес, біз оларға жұмыс істеуіміз керек. Жағдай жасап, қолдау білдіріп, тиісті жеңілдіктерге қол жеткізу үшін көмек көрсетуіміз қажет. Жауапты басшылар, мемлекеттік қызметкерлер осыны түсінуі тиіс», – деді.
Өз кезегінде кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев азық-түлік тауарына үстемеақыны 15 пайыздан асыра қосып сатқандар туралы мониторинг қорытындысын хабарлап, үстеме ақы талабын бұзғандарға 16 ескерту берілгенін айтты. Облыс әкімі талапты бұзғандарға айыппұл салу, шаралар қолдану бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, «Алқаптан сөреге дейін» жобасының орындалуындағы кемшіліктерге тоқталып, соған сәйкес жауаптыларға қатаң ескерту жасады. «Айналым схемасы» бойынша аудандар тарапынан берілген өтінімдердің көлемі көңіл көншітпейтінін атап өтіп, бұл тұрғыдағы «Тараз» ӘКК» АҚ-ның әлсіз жұмысын сынға алды. Тиісті тұлғаларға Меркі ауданындағы пилоттық жоба тәжірибесін қалған аудандарды іске асыру міндеттерін жүктеді. Жиында, жергілікті отандық тауар өндірушілермен өндірілетін тауарларды өткеруші сауда орындары арасында жасалған тікелей және форвардтық келісімшарттар іс жүзінде нәтижесіздігін, жасалған келісімшарттардың негізінде жұмыстар бірқатар аудандарда ұйымдастырылмағандығы да айтылды.