2026 жылғы 25 наурызда жарияланған QS World University Rankings by Subject жыл сайынғы пәндік рейтингі нәтижелері бойынша, Еуразия ұлттық университетінің пәндері Қазақстанда ең үздік деп танылды.
Рейтингтің ең жоғары орындарын «Лингвистика», «Қазіргі тілдер», «Қонақжайлылық және демалысты басқару» пәндері иеленіп, әлемдік 151–175 топқа енді.
Қазақстандық жоғары оқу орындары арасында ЕҰУ-дың келесі пәндері көш бастап тұр: «Қонақжайлылық және демалысты басқару» (151–175 топ), «Тарих» (201–250 топ), «Өнер және дизайн» (201–300 топ), «Саясаттану және халықаралық қатынастар» (251–300 топ).
Сонымен қатар, «Білім беру», «Физика және астрономия», «Математика», «Компьютерлік ғылымдар мен ақпараттық жүйелер» пәндері өз позицияларын жақсартты.
Осылайша, Еуразия ұлттық университеті өткен жылмен салыстырғанда өз нәтижесін 50 позицияға жақсартып, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының ТОП-300 қатарына енді.
Жалпы алғанда, ЕҰУ жоғары білім беру саласындағы халықаралық QS Quacquarelli Symonds аналитикалық агенттігінің деректері бойынша бір салалық және 15 пәндік рейтингке қатысты.
QS-тің аға вице-президенті Бен Саутердің айтуынша, 2026 жылғы әлемнің үздік университеттерінің пәндік рейтингі – QS World University Rankings by Subject 2026 нәтижелері Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі бәсекеге қабілеттілігін нығайтып келе жатқанын көрсетеді.
Пәндік рейтингтер әлемнің 100 елінде орналасқан 1900 университеттің 21 000-нан астам білім беру бағдарламасын қамтитын тәуелсіз салыстырмалы талдау болып табылады. Олар 55 пән мен бес кең бағытты қамтиды: «Өнер және гуманитарлық ғылымдар», «Инженерлік ғылымдар және технологиялар», «Өмір туралы ғылымдар және медицина», «Жаратылыстану ғылымдары» және «Әлеуметтік ғылымдар және басқару».














