Әлеумет әлеуеті – ел ертеңі

Әлеумет әлеуеті – ел ертеңі

Бұл күндері Сыр елінің басты шаһары Қызылорда қаласында құрылыс қарқын алу үстінде. Сәулеті келіскен келбеті көрікті ғимараттар қаламыздың шырайын кіргізіп, шаңырағын биіктете түскен. Тізбектей берсек, тұмардай тағатын талғамды жұмыстар көп. Қаланың инвестициялық тартымдылығы едәуір артқан. Ірі жобалар мен кәсіпкерлік бастамалар қолдау тауып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Сауда, өңдеу өнеркәсібі, ауылшаруашылығы саласында өсімі сақталып отыр. Бұл  – Қызылорданың экономикалық әлеуеті жоғарылап келе жатқанының айқын көрінісі.

 

Қазақта мынандай бір жақсы сөз бар. «Адам көркі – шүберек, талдың көркі – жапырақ» деген. Соған қала көркі ғимарат деп қосса, заманауи болады емес пе? Аспанға қол созған ғимараттар, тал-дарақтар,  жайқалған бақтар, дамылсыз дүбірлетіп жатқан демалыс орындары мен түрлі кеңселер қала шырайына шырай, арайына арай қосады емеспе. Міне, сол сәулет Сыр елінің бас шаҺарының әрін кіргізіп, шұғыла шуағын шашып келеді. 

Соңғы кездердегі Сол жағалау ғимараттары, өнер орталығы, «Анаға тағзым» сынды сәулеттер сәулелендіре түсуде. Бұнда күні кешеге дейін облысымызды басқарған Н. Нәлібаевтың көптеген еңбегі жатыр десек, енді сол жұмысты әрі қарай түрлендіріп кету жаңа әкім М. Ергешбаевтың іскерлігіне көп қатысты. Аймақтағы төрт ауданды басқарған Мұрат Нәлқожаұлы өз біліктілігін елге жұмсау үшін білек түре қызметке кірісіп те кетті. Алғашқы жұмыстарының бірі Қызылорда қаласында құрылысы қарқын алған әлеуметтік нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысу болды.

Аймақ басшысы алдымен 20,5 млрд теңгеге салынып жатқан «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылыс алаңына барды. Жалпы аумағы 26 мың шаршы метр болатын кешенде 50 метрлік жүзу бассейні, Әлем, Азия ойындары секілді халықаралық жарыстар өткізуге арналған 2500 орындық зал, форумдар мен түрлі жиындарға арналған 300 орындық конференция залы қарастырылған.

Нысанның қасбеті заманауи архитектуралық үлгіде болады, витражы төзімді әйнекпен қапталады. Пайдалануға берілгеннен кейін оқу-жаттығу жиындарын өткізуге бейімделеді. Нысанды осы жылдың тамыз айында іске қосу жоспарланған.

Одан кейін облыс әкімі сол жағалаудағы 600 пәтерлік 5 және 9 қабатты 10 тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Жобаға 11 млрд 364 млн теңге қаралған, 33 мың шаршы метр заманауи тұрғын үй кешенінде 8 ойын және воркаут алаңы, 3 демалыс аймағы орналасады.

Бүгінде денсаулық сақтау саласында тың жобалар жүйелі жүзеге асырылып, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Соның бірі – бір ауысымда 100 келушіге қызмет көрсететін емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы. 

Заманауи талаптарға сай нысан диагностиканың және емдеудің озық технологияларымен жабдықталып, халықаралық стандарттар негізінде қызмет көрсетеді.

«Мелиоратор» ЖШС салып жатқан, құрылысына 36 млрд 416 млн теңге бөлінген кешеннің аумағы 57 мың шаршы метр, 10 блоктан тұрады. Атап айтқанда, емхана, пансионат, конференция залы, асхана, физиотерапия, қабылдау, әкімшілік, реанимация, химиотерапия және радиотерапия, операциялық бөлімдер қамтылған.

Сонымен қатар облыс әкімі Титов шағын ауданында салынып жатқан, бір ауысымда 400 келушіні қабылдайтын емханадағы жұмыс барысын көрді. Құрылысқа 9 млрд 823 млн теңге қаралған, аумағы 9 мың шаршы метр болатын заманауи емханада балалар мен ересектерге арналған емдеу-профилактикалық бөлімшелер, функционалдық диагностика және стоматология кабинеттері қарастырылған. Нысанды осы жылы халық игілігіне беру жоспарланған.

 Аймақ басшысы құрылыс нысандарымен танысып, жұмысын қарқынын көріп, алдағы жұмыстарын, бағын бағдарларын тыңдады. Сапалы құрылыс ел болашағы, сәулеттің шырайы екенін айта келіп, құрылысшылардың барлық ұсыныс тілектерін тыңдап, барыстарын жті қадағалап отыратынын айтты. Жқсы жаңалықтармен әлі де халықты бірге қуанта беруге уәделесті.

Мемлекет басшысының бастамасы мен «Таза Қазақстан» Республикалық бағдарлама аясында Сыр өңірінде санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру және тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында ауқымды істер атқарылып жатыр. 

Бұл жұмыстардың барлығы Сырдың бас шаһарының ғана емес, аймақтың әлеуетіне әсер ететіні сөзсіз. Өйткені барлық аудандар мен ауылдардың кіндік тамыры осы қалаға келіп байланған емес пе? Ел ертеңін жарқын етер жұмысын өңірге жаңадан тағайындалған әкім Мұрат Ергешбаев әрі қарай дамыту үстінде.

Жоғарыда тілге тиек етілген және өзге де құрылыс нысандары Сыр бойындағы ел ертеңіне өң беріп, заман талаптарына сай сапалы жүргізілуде. Құрылыстар өңірдің өркениетін өрге шығарып, заман көшіне ілесіп дамуға жол ашпақ. Ел ертеңіне жарқын істер арқылы із қалдыру жұмысы осылайша алдағы уақытта да жарқырай бермек. Қызылорданың гүлденіп, жайқалып тұрғаны ел азаматтарының маңдай тері мен адал еңбектерінің арқасы, жауапкершіліктерінің белгісі.

 

Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ,

 Қызылорда облысы

21.05.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25247
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24754
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42188
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38040
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42521