Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте әлеуметтік сала нысандарының алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды.
Басқосуда алғашқы болып баяндама жасаған облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова қазіргі таңда басқармаға қарасты 389 денсаулық сақтау ұйымында алдағы 2023-2024 жылдар аралығындағы жылыту маусымына дайындық шаралары жүріп жатқандығын жеткізді. Оның ішінде 173 нысан қатты отынмен, 1 нысан дизельдік отынмен, 186 нысан табиғи газбен және 29 нысан орталықтандырылған жылу жүйесімен жылытылады.
– Қатты отынмен жылытылатын нысандарға 4469 тонна көмір қажет. Бүгінгі күнге қажетті отын 100 пайыз жеткізілді. 10 аудан мен шалғай елді мекендерді қамти отырып, 17-24 шілде аралығында жылыту маусымына дайындық барысы зерделенді.
Ауылдық елді мекендерде орналасқан медициналық нысандардағы жылыту пештеріне ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, нысандардың қазандықтары мен жылу жүйелері тексеріліп, жоғарғы қысымды сынақтан өткізіліп, жылыту маусымына дайындық паспорттары алынуда, монометрлер мен термометрлер де арнайы зерделенді, – деді Жанар Оспанова.
Басқарма басшысы мұнымен қоса, зерделеу жүргізу барысында Меркі, Жуалы аудандарына 1 данадан, Мойынқұмға 2 дана, Шуға 4 дана табиғи газбен жұмыс істейтін пеш сатып алу қажеттілігі анықталып, алдағы бюджет нақтылауына тиісті қаржы бойынша өтінім ұсынылғанын айтты.
Кеңесте облыс әкімі жергілікті жердегі білім, мәдениет және спорт нысандарының жылыту маусымына дайындығы жөнінде тиісті басқарма басшыларының, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің жеке-жеке есептерін тыңдады. Жылыту маусымына дайындық шаралары кедергісіз, сапалы жүру керектігін, қыс мезгілінде әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер шын мәнінде жеткілікті деңгейде жылы болуы тиіс екендігін баса айтты.
Әлеуметтік нысандардың жылыту жүйесін газға ауыстыру жұмыстарының барысына да назар аударды. Кейбір әлеуметтік нысандарының саны бірдей аудандардың сатып алған көмірлерінің көлемі әртүрлі екендігіне көңіл бөлген облыс әкімі бұл бойынша жауаптыларға тексеріс жүргізуді тапсырды.
Жиын соңында Нұржан Нұржігітов тиісті тұлғаларға барлық тіршілікті қамтамасыз ету нысандары мен инженерлік желілердегі жөндеу жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес атқарылуын бақылау, жөндеу жұмыстарын 15 қыркүйекке дейін аяқтау, білім нысандарының 1 кыркүйекке дейін дайын болуын қадағалау, көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау жұмыстарын 20 кыркүйекке дейін аяқтап, әзірлік паспорттарын жасау және коммуналдық қарыздарды өтеу бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қажет болған жағдайда әкімшілік шараларды қабылдау жөнінде нақты міндеттер жүктеді.