Астананың Байқоңыр ауданында реновация мемлекеттік бағдарламасы аясында жеке инвестиция есебінен салынған алғашқы тұрғын үй кешені – «Дармен-1» ресми түрде пайдалануға берілді. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғын үй қорын жаңғыртуға жеке инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырудың нақты нәтижесі ретінде бағалануда.
Салтанатты шараға Байқоңыр ауданының әкімі, мемлекеттік органдардың өкілдері, құрылыс компаниясының басшылығы, тұрғындар мен серіктестер қатысты. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қаңтарында басталып, 17 ай ішінде толық аяқталған. Жаңа тұрғын үй кешені екі кіреберістен және 158 пәтерден тұрады. Жоба жетекшісі Олжас Ақыбаевтың айтуынша, бұл – Байқоңыр ауданында реновация бағдарламасы аясында жеке инвестиция есебінен жүзеге асқан алғашқы тұрғын үй құрылысы.
«Тұрғын үй кешені екі кіреберістен және 158 пәтерден тұрады. Бұл – ауданда реновация мемлекеттік бағдарламасы аясында жеке инвестиция есебінен салынған алғашқы тұрғын үй кешені. Ескі үйлер орналасқан жер телімдері сатып алынып, олардың орнына заманауи тұрғын үйлер бой көтеруде. Бұл тұрғындарға қаланың басқа бөлігіне көшпей-ақ тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Оның айтуынша, тұрғын үйдегі пәтер санының салыстырмалы түрде аз болуы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастырады.
Көп жылдан бері Байқоңыр ауданында тұратын тұрғын Аслан да ауданның соңғы жылдары айтарлықтай жаңарғанын атап өтті.
«Мен Байқоңыр ауданында 40 жылдан астам уақыт тұрамын және оның қалай өзгеріп жатқанын өз көзіммен көріп жүрмін. Жаңа гүлзарлар мен қоғамдық кеңістіктер ашылып, көшелер абаттандырылып жатыр. Ескі, тозығы жеткен үйлердің орнына заманауи тұрғын үй кешендері салынып жатыр. Аудан сол жағалаумен қатар дамып келеді. Бұл өте қуантады. Алдағы уақытта да ауданды жаңғырту жұмысы жалғасады деп сенемін», – деді ол.
Тұрғынның пікірінше, жаңа кешеннің орналасқан жері де, абаттандырылуы да қазіргі талаптарға толық сай келеді. Мұндай жобалар елорданың оң жағалауын дамытуға тың серпін бермек.
Айта кетейік, бұған дейін елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Үкімет пен Астана әкімдігіне апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді сүріп, олардың орнына жаңа баспаналар салу үшін жеке құрылыс компанияларының әлеуетін кеңінен пайдалануды тапсырған болатын. «Дармен-1» тұрғын үй кешені – осы тапсырма аясында іске асқан алғашқы жоба.














