Алматы қаласында «Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы» метро станциялары іске қосылады.
Олар қала орталығын шеткі аудандармен байланыстырады.
«Екі жаңа станция іске қосылғаннан кейін метро желісінің жалпы ұзындығы 3,1 шақырымға ұзарып, енді 13,4 шақырымды құрайтын болады. Желі бойына 7-10 минут сайын жүретін төрт вагонды 15 электр пойызын жіберу жоспарланған. Қазіргі таңда метро күніне 45 мыңға жуық жолаушы тасымалдайды. Жаңа станциялар іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш күніне 85 мың жолаушыға дейін өседі деп күтілуде», – деп жазылған ақпарат көзінде.
«Мәскеуден» кейінгі «Сарыарқа» станциясы Абай даңғылы бойында Алтынсарин даңғылы мен Саин көшелерінің аралығында – Family Park маңында орналасқан. Терең салынған, екі кіреберісі мен бір вестибюлі бар. Станцияда екі жеделсаты мен сегіз эскалатор орнатылған. Интерьер жасау кезіндегі негізгі идея – Сарыарқаның шексіз кең даласының әсемдігін көрсету. Қабырғалары мәрмәр тастардан құрастырылып, гранитпен өрнектелген. Шеткі жағындағы қабырғада жазық даланың үстінен шығып келе жатқан күн, оның бергі жағында Қазақстан астанасы бейнесі маңында шауып келе жатқан жүйрік аттар бейнеленген панно орнатылған.