«АЛТЫН БЕСІК АҚТӨБЕДЕН – ҰЛЫ АБАЙҒА ҚҰРМЕТ»: АҚТӨБЕНІҢ СЕМЕЙГЕ ТАРТУЫ

«АЛТЫН БЕСІК АҚТӨБЕДЕН – ҰЛЫ АБАЙҒА ҚҰРМЕТ»:  АҚТӨБЕНІҢ СЕМЕЙГЕ ТАРТУЫ

Биыл ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Соған орай елімізде ақын мұрасын дәріптеуге бағытталған түрлі мәдени-рухани шаралар, ғылыми конференциялар мен тағылымдық жобалар кеңінен ұйымдастырылып жатыр.

Былтыр жыл аяғында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Абайдың 180 жылдығына орай «Абайға құрмет» акциясы бастау алған болатын. Осы акция аясында өңірлер мен республикалық маңызы бар қалалар Абай облысына бір-бір әлеуметтік-мәдени нысан сыйға тартпақ. Бұл туралы вице-премьер Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте айтылған болатын. 

«Абайға құрмет» акциясы аясында Ақтөбе облысы Семейге Жекпе-жек cарайын тарту етеді. Спорт нысаны қаланың сол жағалауында, Құнанбай көшесінің бойында салынады. 

Абай облысында өткен Ақтөбе облысының мәдениет күндері аясында құрамында  Ақтөбе облысы әкімі Асхат Шахаров, облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, ішкі саясат және мәдениет басқармаларының басшылары және шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздар бар делегация барып, іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. 

Делегация Семейде салынатын Жекпе-жек cарайының жобасын таныстырып, ғимарат орналасатын жерді барып көрді. 

– Президенттің тапсырмасы бойынша сіздерге Жекпе-жек сарайын салып береміз. «Абайға құрмет» акциясы аясында заманауи спорт ғимараты бой көтереді. Ақтөбе делегациясы арнайы келіп, спорт нысанының жер учаскесін белгілеп, әріптесіммен осы мәселені егжей-тегжейлі талқылап, бастапқы құрылыс-монтаж жұмыстарын бастап жатырмыз. Бір жарым жылдың ішінде аяқтаймыз деген жоспарымыз бар. Бұл спорт сарайы өскелең ұрпақтың спорттың айналысуына үлкен мүмкіндік береді, – деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Жалпы аумағы 6700 шаршы метр болатын 2 қабатты жекпе-жек сарайы тоғыз жүзге жуық көрерменге арналған, онда негізгі күрес және бокс залы, жалпы негізгі зал, сондай-ақ, үлкен күрес және бокс залы, кіші зал және жаттығу залы болады. Жоба жүзеге асқанда кәсіби және бұқаралық спорт серпін алып, бокс, күрес, дзюдо, таэквондо, самбо сияқты жекпе-жек түрлері бойынша спортшылар дайындауға жол ашылады. 

Құрылыс алаңында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров аймақ басшысы Берік Уәлимен бірге өңірдің жас спортшылармен кездесіп, пікір алмасты. Жаңадан салынатын Жекпе-жек сарайы спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасап, жас таланттардың шыңдалуына үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ақтөбе облысының мәдениет күндері аясында ақтөбелік өнерпаздар «Алтын бесік Ақтөбеден – Ұлы Абайға құрмет» атты концерттік бағдарлама ұсынды.

 

М.ТАБЫН, Ақтөбе қаласы
29.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25301
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24799
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42230
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38084
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42571