Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты «Алтын орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театры өз көрермендеріне тағы бір премьера тарту етті.
Әдеттегідей, қаладағы балалар кинотеатрына премьераны тамашалауға ертегіні жақсы көретін кішкентайлар мен өнерлі балғындардың ата-аналарыжиналды. Сонымен бірге бүгінде Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында білім алып жүрген «Алтын орданың» түлектері де қойылымды көруге арнайы келді. Бұл жолғы қойылым О.Әубәкіровтің «Қожа мен спорт» балалар ертегісінің желісімен сахналанды. Қоюшы режиссер – танымал актер, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Дара» төсбелгісінің иегері Самал Әбуов. Қоюшы суретші – театрдың көркемдік жетекшісі Әсемгүл Төлепберген.
Жалпы «Қожаның» есімі әдебиетті сүйіп оқыған ересектерге де жақсы таныс. Тентек болса да, ақылды, адамгершілігі мол осы бір кейіпкердің іс-әрекеті жеткіншектерге үлгі болары сөзсіз. Режиссер де бұл ертегіде Қожа арқылы кішкентай көрермендерді салауатты өмір салтын ұстануға, спортқа жақын болуға, жалқаулыққа салынбауға шақырады. Ертегіні көріп отырған балалар дакейіпкерлермен бірге қойылымның әсеріне бөлініп, ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырататындарын байқатты.
«Алтын орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театрының жас актерлары сахна өнеріне бейімделіп қалғандарын, шеберлік қабілеттерін көрсетті. Басты кейіпкер – Қожаны ойнаған Алмаз Исагуловтың, сондай-ақ оның атасының рөлін сомдаған Нұрай Нұрланұлының өнері көпшілікке ұнады. Басқа балалар да өз кейіпкерлерін сәтті ойнап, автор мен режиссердің көздеген мақсатын орындауға бар өнерлерін салды.
– Жалпы бүгінгі күні «Алтын орда» театрында алпысқа жуық баланы өнерге баулып жүрміз. Бұл – «алтынордалықтардың» алтыншы қойылымы. Күні кеше өз қаламызда өткен батыс аймақтық балалар театр фестиваліне қатысып, бағымызды сынап көрдік. Нәтижесінде кішкентай актерларымыз Хадиша Бөкеева атындағы арнайы жүлденіиеленді. Ал Елнара Сейтжан есімді талантты шәкіртіміз «Ең үздік қыз бала» номинациясына ие болды. Бұл жеңістер шығармашылық ұжымның мерейін үстеп, жауапкершілігін арттырды. Сондықтан алдағы уақытта да өз көрермендерімізге мағыналы, салмақты қойылымдарымызды тарту ететін боламыз, – деді режиссер Самал Қадерұлы.