Аудан әкімдігінің мәжіліс залында ана мен бала денсаулығын жақсарту, өлім-жітім көрсеткіштерін төмендету жөнінде жиын өтті.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Дәуір Даулетов жүргізіп отырды.
Алдымен аудандық орталық ауруханасының ана мен баланы қорғау қызметінің басшысы Айжан Құрманқұлова баяндама жасады. Баяндамашы өткен жылы сәбилер өлімінің көрсеткіштері, ана мен бала өлім-жітімін азайту мақсатында жүкті әйелдер, босанатын және босанған әйелдерге көрсетілетін медициналық көмекті ұйымдастыру, екіқабат әйелдердің өте қауіпті тобындағыларды дер кезінде емдеу, шұғыл көмек көрсету бойынша атқарылған жұмыстар туралы мәлімет берді.
Аталған деректерге сүйенсек 2021 жылдың қорытындысы бойынша Сарыкемер ауылында – 8, Бурыл ауылында – 5, Жетібай және Жаңатұрмыс ауылдарында – 2, Дихан ауылында – 3, Үлгілі және Мырзатай ауылдарында 1 бала қайтыс болған. Қостөбе, Байзақ, Мәдімар, Суханбай, Тегістік, Абай, Кеңес, Қызыл жұлдыз, Көктал, Түймекент, Ынтымақ ауылдарында бала өлімі тіркелмеген.
Шара соңында Дәуір Рысбайұлы бала өлімі тіркелген әр ауылдың дәрігерінен жекелей жауаптар алып, алдағы уақытта жүкті әйелдерді дер кезінде есепке алу, жүктілікті анықтау, жоғарыда көрсетілген мәселелер бойынша толық талдау жасауын және алдын алуға арналған шараларды жүзеге асыруды тапсырды.