Жақында ғана 21 жасында жарақатына байланысты спорттық мансабын аяқтаған мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаеваның анасы Падишахан Сұлтаналиева Ресейдің Match TV телеарнасына берген сұхбатында: «Қызым Элизабеттің ата-бабаларының рухы үшін Қазақстан атынан өнер көрсету туралы шешім қабылдағанына қатты өкінемін. Біз мәнерлеп сырғанау спорты жоқ ел үшін өнер көрсету қиындықтарға жетелейтінін алдын ала болжай алмадық. Егер сіз ұсынатын ел әлемдік аренада мәнерлеп сырғанау ортасы ретінде бағаланбаса... Бұл тозақ. Олардың судьялары да, техникалық бақылаушылары да жоқ, сахна артында ешқандай қолдау жоқ. Ғасырлар бойы көшбасшылық үшін күресіп келе жатқан державаларда жеңіске жетуге барлық жағдай жасалған. Олар өз спортшыларын қорғап, төрешілермен жұмыс жасайды. Үлкен спорт үлкен саясатпен тең. Мен мұны тым кеш түсіндім. Егер немерелерім мәнерлеп сырғанаушы болғысы келсе, мен оларға тек Ресей атынан өнер көрсетуге кеңес беремін. Бірақ бұл тек менің жеке пікірім екенін атап өткім келеді. Мен спортта бәсекелестік болғаны дұрыс деп есептеймін. Бәсекелестік жоқ болса, спорт ретінде мәнерлеп сырғанау да жоқ. Қателігім үшін Элизадан кешірім сұрадым. Ол жасөспірім еді және үнсіз келісті. Қызымның Олимпиада медалін жеңіп алмағаны – менің кінәм. Бүгін мен өз қателігімді мойындасам, өмір сүру оңайырақ болады. Қалай болғанда да, біз қызымыздың қойылымдарын ұзақ жылдар бойы қаржыландырған Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетіне, ол туралы фильм түсіргені үшін Нұрсұлтан Назарбаев қорына ризамыз. Қазақстанда мұз айдындары мен жаттықтырушылар көп, бірақ Мәскеумен салыстыруға болмайды. Астанада үш мұз айдыны бар, ал жаттығулар аз. Барлығы тырысады, бірақ деңгейі өте төмен. Көрдіңіз бе, менталитет басқаша: балалардың спорттық өсуіне жанын салатын тәртіп пен ата-аналар жетіспейді. Қазір Элизабет МГИМО-да халықаралық журналистика бөлімінде оқиды. Қызым оқуын жалғастырады, ол университетін жақсы көреді. Спорт академиясына да оқуға түсті. Қазір көп жұмыс істейді. Қазақстанда балаларды жаттықтырады және жақын арада мұз академиясын ашып, оған өзінің атын бермек. Осылайша республикада мәнерлеп сырғанау деңгейін көтеруге ниетті. Өз хоббиіне де уақыт бөледі – скрипка мен фортепианода ойнайды, ән айтады, өлең жазады. Өз формасында болса, шоуларға қатысуды жоспарлап отыр. Мен Элизаға бос уақыты туралы ойлануға кеңес беремін. «Қызға айнал, киноға бар, достарыңмен жиі кездесіп, демал!» деймін. Ол жылдар бойы тынымсыз еңбек етті. Болашақты болжауға асықпаймын. Ең бастысы, менің баламның жан дүниесінде үйлесімділік бар. Ол спортта өзін танытты, рекордтар жасады және мәнерлеп сырғанау тарихына енді», – деді.
Анасының ресейлік басылымға берген сұхбаты үшін Элизабет Тұрсынбаева бүкіл қазақ халқынан кешірім сұрап: «Анамның сөзі үшін кешірім сұраймын. Өкінішке қарай, екеуіміз екі жақтамыз. Анам қазір Мәскеуде, мен Қазақстандамын. Мен бұл жағдайды бақылаған жоқпын. Оны бәрібір жақсы көремін. Артық айтқаны үшін уайымдап жүрген болар. Желі қолданушыларынан анамның сөзіне қатысты жағымсыз пікір жазбауын өтінемін», – деп жазды өзінің әлеуметтік парақшасында.