1 наурыз күні елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті концерт залында «ДАНА АБАЙ ІЗІМЕН» атты дарынды оқушылардың республикалық форумы өтті. Ауқымды шараны «Жаңа Қазақстан» Республикалық инновациялық орталығы ұйымдастырды. Форумның басты мақсаты – Абай мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттап, олардың білімге, ғылымға деген қызығушылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген саналы азамат тәрбиелеу.
Байқау басталмас бұрын ұйымдастырушылар ел көлемінде талаптар мен шарттарды жариялаған. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлінді: балабақша тәрбиеленушілерінен бастап, мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне дейін. Үміткерлер Абай шығармаларын мәнерлеп оқу, шет тілдеріндегі аудармаларын оқу немесе ақын туындыларын бейнелеу бағыттарының бірін таңдап, 1.30 минуттық бейнебаян жолдады.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жүздеген өтініштің ішінен үздіктер анықталып, 1-наурыз күні жеңімпаздар марапатталды. Форум барысында көзінен от ұшқындаған, болашағынан үміт күттіретін өрендерді көріп, ерекше әсер алдық.
Солардың бірі – Алматы облысы Қарасай ауданы Кемертоған ауылынан келген Әзімқұл Аниятулла Ерланұлы. Ол «Кемертоған КМО Жайлы» мектебінің 6-сынып оқушысы. Аниятулла бастауыш сыныптан бері Абайдың қара сөздерін жаттап, терең талдап келеді. Қазіргі таңда 45 қара сөздің 13-ін меңгеріп, олардың тағылымын өмірмен байланыстырып, өзіндік ой қорытады. Ең бастысы – ол тек жаттап қана қоймай, әрбір қара сөздің мазмұнын терең түсініп, мағынасын өмірмен байланыстырып, өзіндік тұжырым жасай алады. Бұл оның рухани дүниесінің байлығын, ойлау қабілетінің кемелдігін аңғартады.
Аниятулланың бойындағы табандылық пен еңбекқорлық оны қатарластарынан даралап тұр. Ол Абай мұрасын жай ғана оқу нысаны емес, өмірлік бағдар ретінде қабылдайды. Қара сөздердегі адамгершілік, білімге ұмтылу, адалдық пен әділдік туралы ойларды өзінің күнделікті өмірімен ұштастырып келеді.
Баласының білімге деген құштарлығын әкесі Ерлан Мыңтаев әрдайым қолдап, оның еңбегін әлеуметтік желіде бөлісіп отырады. Бұл – әке мен бала арасындағы рухани сабақтастықтың жарқын үлгісі.
Форум қорытындысы бойынша Аниятулла Ерланұлы I орынды иеленіп, арнайы дипломмен марапатталды. Дарынды дала перзентінің алдағы уақытта да үлкен белестерді бағындырып, Абай мұрасын насихаттауда өзгелерге үлгі болары сөзсіз.
Ерқазы Сейтқали















