Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырған болатын. Нәтижесінде, экстракорпоральды ұрықтандыруға бөлінетін квотаның саны 7 мыңға дейін артқан. Осылайша, мыңдаған отбасы бала сүю бақытына ие болуда. Еліміздің демографиялық ахуалының дамуына, отбасылық институттың нығаюына «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасының маңызы зор.
1 маусым күні Астана қаласында «Экомед» орталығында «Аңсаған сәби» бағдарламасының көмегімен ата-ана атанған отбасылар мен 100-ден астам кішкентай бүлдіршіндердің қатысуымен фестиваль өтті.
Фестивальдің негізгі ұйымдастырушыларының бірі – «Экомед» адам репродукциясы клиникалар тобы. «Экомед» орталығы «Аңсаған сәби» квотасы бойынша үш жыл аралығында жалпы саны 6 554 квотаны игеріпті. 3 540 (54%) пациент жүктілік бойынша есепке тұрған. Бүгінгі таңда 2 487 (38%) сәби дүниеге келген.
Арнайы квотаның көмегімен дүниеге келген сәбилердің Астанада бас қосуы кездейсоқтық емес. Себебі бөлінген квота бойынша жақсы нәтиже көрсеткен орталықтардың көш басында «Экомед Астана» ұжымы тұр. «Экомед Астана» орталығы жалпы саны 2525 квотаны игеріп, 1 479 (57%) келіншекті жүктілік бойынша есепке алған. Соның арқасында 1063 (42%) cәби дүниеге келіпті.
Сонымен қатар, «Экомед Астана» орталығы танымал тележурналист Ләйлә Сұлтанқызы құрылтайшысы болған «Mariyam» қайырымдылық қорымен тығыз серіктестік байланыста. Президент телерадиокешеніне қарасты «Жібек жолы» телеарнасынан көрерменге жол тартқан «Ана болғым келеді» бағдарламасы аясында 30-ға жуық отбасылық жұпқа тегін ЭКҰ емшарасы жасалыпты. Бүгінде жоба аясында 9 cәби дүниеге келіп, 12 келіншектің аяғы ауыр, 8 жұп кезекті эмбрион тасымалына дайындық үстінде көрінеді.
Тележурналист Ләйлә Сұлтанқызы: «Mariyam» ҚҚ негізінен «Аңсаған сәби» квотасына белгілі себептермен іліне алмаған (диагнозы ауыр немесе сирек кездесетін генетикалық ауытқуы бар, жас категориясы сай келмейтін және т.б.), сыйластығы мен сенімі жарасқан, бірнеше мәрте өз қаражаттарына ЭКҰ жасатқан, көбіне мүлдем баласы жоқ отбасылық жұптарға көмек қолын созады. Нарықта орташа есеппен 3-4 млн теңгенің шамасындағы ЭКҰ бағдарламасының шығынын өтей отырып, тағы бір жанұяның арманына жетіп, сәбилі болуына себепші болуда. Отбасылық жұптардың сәбилі болуға жасаған әр қадамын Президент телерадио кешеніне қарасты «Жібек жолы» арнасынан көрсетілетін «Ана болғым келеді» хабарынан көре аласыздар. Аталмыш фестивальді ұйымдастыру тікелей ЭКҰ әдісінің көмегімен ата-ана атанған ел азаматтарының бастамасы. Біз тек игі бастаманың ұйымдастырушысымыз. Мемлекеттің атқарып жатқан оң істерінің жемісін көрсетуді әдемі мерекенің қарсаңында ұйымдастыруды жөн санадық».
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова сөз сөйлеп, балалар мен ата-аналарды мерекемен құттықтады. «Бұл жерге 2020 жылдан бері іске асырыла бастаған «Аңсаған сәби» бағдарламасының мол нәтижесінің бір бөлігін ғана көруге келдік. Кейінгі үш жылдың ішінде, яғни осы бағдарлама басталғаннан бері республика бойынша 7 мыңнан астам сәби жатырдан тыс ұрықтандыру арқылы дүниеге келді. Оған дейін бюджеттен мұндай тәсілмен ұрпақ сүйгісі келетіндерге 1000 квота беріліп келсе, Президент тапсырмасымен квота саны 7 есе арттырылғанын білесіздер. Ол кезде кезек күтетін ата-аналардың саны көп болатын. Кезек уақыты 7-8 жылға дейін созылатын. Қазір жыл сайын 7 мың квота бөлініп отырғандықтан, кезек мерзімі 12 айға дейін қысқарып отыр. Бұл халықаралық межемен алғанның өзінде жақсы көрсеткіш».
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша: мемлекеттік квотаның көмегімен 2021-2023 жылдар аралығында 21 мың пациентке ЭКҰ жасалып, олардың 8 мыңы жүктілік бойынша есепке тұрып, 7 000 сәби дүниеге келген.
«Ниетіміз – игі бастаманың жемісі, еліміздің болашағы кішкентай бүлдіршіндердің және олардың жақындарының риясыз алғысын Президент мырзаға жеткізу, мемлекеттің ел азаматтарының болашағы мен бақыты жолында атқарып жатқан еңбегін бағалау» дейді шараны ұйымдастырушы, «Экомед Астана» клиникасының директоры Алмаз Ибрагимов және «Перзентті болу» ҚҚ жетекшісі Әсел Жұбаева мен «Mariyam» ҚҚ Қамқоршылық кеңесінің Төрайымы Ләйлә Сұлтанқызы.
Шара қонақтарына да тоқтала кетейік. Олар: ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ҚР ДСМ Мектепке дейінгі және мектеп медицинасы басқарма басшысы Күляим Біржанова, б.ғ.д., профессор, «Экомед» адам репродукциясы клиникалар тобының ғылыми жетекшісі Салтанат Байқошқарова.
Фестивальге жиналған бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарын елімізде денеден тыс ұрықтандыру лабораториясының негізін қалаған Салтанат Берденқызы Байқошқарова қарсы алып, шараның шымылдығын ашты. Қонақтарға балаларды ерте дамыту мамандары кеңес беріп, психологпен әртүрлі трансформациялық ойындар өткізілді. Сондай-ақ кішкентай сәбилердің тұсауы кесіліп, мерекелік фуршет жайылды. Бүлдіршіндерге арнайы ойын бөлмесі жасақталып, аниматорлар қызметі жұмыс істеді.