Жуырда, Балалар жылына орай, әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінде облыстық білім басқармасы Байзақ ауданының білім бөлімі мен балалар шығармашылығы және тәрбие орталығының бірлесе ұйымдастыруымен «Әнші балапан» ән байқауы болып өтті. Онда жас өнерпаздар балалық шақты әнге арқау етіп, би билеп, өнерлерін ортаға салды.
Балалардың шығармашылыққа деген талпынысын арттыру, дамуына қолдау көрсету, дәстүрлі әндерді дәріптеу, сондай-ақ, ұлттық тәлім-тәрбиені жастардың бойына сіңіре отырып ізгілік пен адамгершілікке баулу мақсатын көздеген шараға жалпы білім беретін мектептердің 1-4-сынып аралығындағы оқушылары қатысты. Байқауға қатысушылар бейбітшілік,Отан, ел, туған жер, туған өлке тақырыбындағы бір туындыны орындады.
Абай атындағы Жамбыл жоғары гуманитарлық колледжі хор кафедрасының оқытушысы Мариям Алданова, әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінің әншілері, облыстық және халықаралық конкурстардың лауреаттары Талант Құрымбаев пен Динара Диханбаева әділқазылық жасаған байқау соңында жеңімпаздар анықталды. Нәтижесінде, Бас жүлдені өнерімен ерекшеленіп, көзге түскен Ақшолақ орта мектебінің оқушысы Ораз Нұрасыл иеленді. Бірінші орынмен Юрий Гагарин атындағы орта мектептің оқушысы Адина Абдраимова марапатталса, жүлделі екінші орын Николай Гоголь атындағы орта мектеп оқушысы Ислам Багаутдинов пен Көктал орта мектебінің оқушысы Қаныбек Әдеміге бұйырды. Ал, жүлделі орынға Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Маржан Жамаладдин, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің оқушысы Ернұр Елубай, Абай орта мектебінің оқушысы Дина Құрманғазықызы лайық деп танылды. «Әнші балапан» байқауының гимні болған Марат Омаровтың әніне жазылған «Әнші балапан» әні орындалып, байқау өз мәресіне жетті.
Айта кетейік, аудандық мәслихат депутаттары Азамат Болатбеков, Алмаз Большебеков, Гульбахрам Ермекова, Аслан Айтбеков, Алтынбек Жамишжанов, Мырзағали Мадимаров, Бағдат Момынов, Елнұрбек Ермеков «Әнші балапан» байқауының өтуіне өзіндік айрықша үлестерін қосса, барлық байқауға қатысушылар Алғыс хаттар және сыйлықтармен марапатталды.